Қала әкімі Қаратау ауданы тұрғындарының мәселелерін тыңдады

Қала әкімі Қаратау ауданы тұрғындарының мәселелерін тыңдады

Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов Қаратау ауданы тұрғындарына 6 айда атқарылған жұмыстар бойынша есеп беріп, мәселелерін тыңдады. Есепті кездесуге зиялы қауым өкілдері, қалалық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, құқық қорғау органдары мен басқарма басшылары қатысты.

Президент Жарлығына сәйкес, қала әкімі тоқсан сайын тұрақты кездесулер өткізуде. 2022 жылдың I жартыжылдығында тұрғын алаптар мен шағынаудандарды аралап, кездесулер барысындатұрғындардан 874 ұсыныс-пікір түскен. Бүгінде оның 374-і шешімін тауып, 336-ы орындалу барысында.

Шаһар басшысы 6 айда атқарылған жұмыстарды қорытындылап, алдағы жоспарларды баяндады. Әлеуметтік-экономикалық даму мен инженерлік-инфрақұрылыммен қамтылу жұмыстарының барысынан хабардар етті.

— Тұрғындардың ең көп көтеретін мәселесі- инфрақұрылым. Даму жоспарына сәйкес, бұл бағытта жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылуда. 2023 жылы ауыз су, 2025 жылы электр жарығы, табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары толық шешімін табады. Кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 75 пайызға жетпек, - деді қала әкімі.

Қаратау ауданында 265 мыңнан аса тұрғын қоныстанған. Аудан әкімі Р.Мүлкеманов халық саны жыл сайын 15-20 мыңға артып жатқанын атап өтті.Қалада жалпы құрылыс жұмыстарының 50 пайыздан астамы Қаратау ауданында жүргізілуде.

Кездесуде тұрғындар жалпы инфрақұрылыммен қамту, жерді заңдастыру, қоғамдық көлік және аулаларды абаттандыру, көшелерге ат беру, тұрғын үйлердің қасбетін жаңарту сынды мәселелерін айтты.

Шаhар басшысы әр тұрғынның мәселесін тыңдап, нақты жауаптар берді. Тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

"Шымкент келбеті" - Т.ҚАСЫМОВ

Фото Береке Сейітжаппар