Бүгін Шымкенттегі «Қоғамдық келісім» мекемесі мен Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасы бірлесіп «Әлем балалар көзімен» көрмесін өткізді. Балалар жылы мен Алғыс айту күні қарсаңында ұйымдастырылып отырған шараға Шымкент қалалық білім басқармасына қарасты 10 мектептен 70 оқушы қатысып, 100-ден аса туындыны көрмеге ұсынған.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрме қаладағы түрлі этнос өкілдерінің ішінен талантты бүлдіршіндердің шығармашылығын, қолөнер туындыларын насихаттап, олардың инновациялық креативті әлеуетін арттыру мақсатында ұйымдастырылып отыр. Сондай-ақ, бұл шара этностар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға да септігін тигізбек.
— Мектеп оқушыларын отансүйгіштікке тәрбиелеп, олардың бейнелеу өнері мен қолөнерге деген қызығушылығын арттыру үшін ерекше бастаманы қолға алып отырмыз. Өнерге қанат қағып келген бүлдіршіндердің бір-бірімен танысып, шығармашылық орта қалыптастырып, өзара идея алмасуына мүмкіндік беруді жөн көрдік. Қолөнер туындыларын көпшілікке көрсету арқылы жас суретшілерді жігерлендіріп, шабыт сыйлағымыз келді, - деді қалалық Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапхананың директоры Анар Жаппарқұлова.
Жамбыл атындағы №26 мектеп-гимназияның мұғалімі Салтанат Байбосынова көрмеге 3 шәкіртінің қолөнер туындысын әкелген.
— Балаларды еңбекке баулып, қолөнер туындыларын жасағанды жаным сүйеді. Дәрістен тыс уақытта мектеп бағдарламасында кездесе бермейтін түрлі әдіс-тәсілдерді қолданып, жаңа туындыларды дүниеге әкелеміз. Жуырда Ресейдегі курстастарыммен байланысып, ондағы шіркеудің безендіруінде қолданылатын поталь материалын арнайы алдырдым. Қазір осы материалмен жұмыс істеу жолдарын да үйретіп жатырмын. Көлемі 8 см х 8см ғана болатын жұмыс материалы біздің елімізде табыла да бермейді. Алайда, оны қолданған туындылар ерекше шығады, - дейді Салтанат Ертайқызы.
Жиын соңында «Қоғамдық келісім» мекемесі басшысының орынбасары Бағлан Илесов көрме қатысушыларына белсенді атсалысқаны үшін алғысын білдірді. Сондай-ақ, 15 жетекші мен 70 оқушы қос мекеменің арнайы мерекелік алғыс хатымен марапатталды.