Шымкент қаласы бірнеше аптадан бері «жасыл» аймақта. Бүгінгі таңда 200 адам ковид ауруы бойынша ауруханада жатыр. Оның 47-сі жансақтау бөлімінде жатса, екеуінің халі нашар. Екеуі де өкпені қолдан желдету аппаратына қосылған. 3 қараша күнгі мәлімет бойынша 47 адам Ковид белгісімен тіркелген. Олардың арасында 18 науқас ауруханаға жатқызылды.
Бұл туралы Шымкент ақпараттық-коммуникациялық орталықта қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позиловтың қатысуымен өткен брифингте мәлім болды.
Бақытжан Жолдасбекұлының айтуынша, қалада 500 мыңнан астам адам ковидке қарсы вакцинаның І компонентін, тағы осынша тұрғын ІІ компонентін салдырған. Екпе егу нысандары таңғы 8:00-ден кешкі 20:00-ге дейін ашық. Ковидпен ауырған науқастарды қабылдайтын емдеу орталықтарында төсек орын саны 80 пайызға қысқарған. Сонымен бірге маусымдық тұмауға қарсы екпе салдыру жоспары жүз пайызға орындалды.
Басқарма басшысының мәлімдеуінше бүгінгі таңда «жедел жәрдем» тәулігіне 2600-2700-ге жетті. 100 бригада жұмыс істеуде. «Жедел жәрдем» стансаларында шақыртуларға қосымша педиатрлар телефон арқылы кеңес беру тәжірибесі қолға алынған. Бүгінге дейін телефон арқылы 40 ата-анаға кеңес берілді. Сонымен бірге емханаларда демалыс күндері де педиатрлар кезекшілікке тұрып жатыр. Б.Позилов мәлімдегендей қалада вакцина мен дәрі-дәрмек қоры жеткілікті.
— Бұл маусымдық кезеңде балалар арасында тұмау ауруының өршуіне байланысты болып тұр. Балалардың арасында қазір жедел респираторлы инфекциялық ауру, пневмония, бронхит сияқты аурулар жүріп жатыр. Былтырғымен салыстырғанда балалар тұмауы 10 пайызға жоғарылаған. Көрсеткіштің өсуі өткен жылға қарағанда туылған жас нәрестелер санының көбеюіне байланысты деп отырмыз. Қалалық балалар ауруханасында 315 науқас емделіп жатыр. Ол жақта қазір төсек-орын толды. Сондай-ақ қалалық инфекциялық ауруханаға 195 бала ауырып түскен. Елімізде балалар мен жүкті әйелдерді «Pfizer-BioNTech» екпесімен вакциналауға байланысты дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Шымкентке әзірге бұл вакцияна түрі әлі әкелінген жоқ. Айта кету керек, балаларға екпе салдыру ерікті түрде болады. Вакциналау тек ата-ананың келісімімен ғана жүзеге асырылады, - деді Бақытжан Жолдасбекұлы.
Қаланың бас дәрігері «жасыл» аймақта болдық деп босаңсуға әлі ерте екенін айтты. Өйткені көршілес Ресейде күн сайын ковидке шалдыққан қырық мыңдай адам тіркеліп, мыңдаған адам осы қатерлі індеттен қайтыс болуда. Сондықтан ол санитарлық талаптарды орындамасақ Ресейдегі жағдай бізде де қайталануы мүмкін екенін жоққа шығармады. Ол үшін әлеуметтік арақашықты сақтап, көпшілік шоғырланған орындардан өзімізді аулақ ұстап, қай жерде жүрсек те, қолымызды антисептикпен өңдеп, бетперде тастамау керектігімізді еске салды.