​«ҚАРЫЗСЫЗ ҚОҒАМ» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА АУҚЫМДЫ ЖИЫН ӨТТІ

​«ҚАРЫЗСЫЗ ҚОҒАМ» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА АУҚЫМДЫ ЖИЫН ӨТТІ

Шымкент қаласында AMANAT партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасы бойынша маңызды жиын ұйымдастырылды. Басқосуға AMANAT партиясы Шымкент қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов төрағалық етті. Жиынға Қаржы басқармасының өкілі Әлия Мейірова, жобаның қаржы эксперті Ақбота Тұрарова, Мемлекеттік кірістер департаментінің дәрменсіз борышкерлермен жұмыс басқармасының басшысы Нұржан Сергазин, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өңірлік өкілдер басқармасының Шымкент қаласы бойынша басшысы Ануар Шотаев, сондай-ақ аудан әкімдіктерінің жауапты өкілдері қатысты.

Жиында «Қарызсыз қоғам» жобасының қала аумағында жүзеге асырылуы және алдағы міндеттері талқыланды. Ербол Байқонысов өз сөзінде аталған жобаның қоғам үшін өзекті екенін атап өтті.

AMANAT партиясында халық арасында кең қолдау тапқан партиялық бастамалардың бірі – осы «Қарызсыз қоғам» жобасы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында азаматтардың қаржылық сауатын арттырудың маңызын атап өтіп, Үкіметпен бірлесіп жобаның ауқымын кеңейтуді тапсырған болатын. Осы тапсырма аясында арнайы Жол картасы бекітіліп, жемісті жұмыс жүргізіліп келеді. Былтыр қала бойынша 11 000 адамды оқыту жоспарланғанымен, бұл көрсеткіш 12 593 адамға жетіп, жоспар артығымен орындалды. Биыл 22 200 адамды қамту көзделсе, бүгінгі күнге дейін 19 200 тұрғын қаржылық сауаттылық курстарынан өтті», – деді ол.

Жобаның іске асырылу барысы туралы кеңірек баяндаған қаржы эксперті Ақбота Тұрарова жыл бойы атқарылған жұмыстарға тоқталды.

«Биыл 22 200 адамды оқыту жоспарланды. Сонымен қатар, несиесін 90 күннен аса кешіктірген азаматтарға тегін заңгерлік көмек көрсетілуде. Сабақтар онлайн және офлайн форматтарда өткізіліп, түрлі мекемелерде ұйымдастырылды», – деді ол.

Сондай-ақ, басқосуда осы бағытта аянбай жұмыс істеп, азаматтардың қаржылық сауатын арттыруға үлес қосып жүрген бірқатар азаматтар арнайы сертификаттармен марапатталды. Жиын соңында Ербол Байқонысов Мемлекет басшысының тапсырмаларының орындалуы қатаң бақылауда екенін атап, жыл соңына дейін бекітілген жоспарды толық орындау қажет екенін міндеттеді. Бұл жиын қаржылық мәдениетті арттыруға, азаматтардың қарыз жүктемесін азайтуға бағытталған жұмыстардың жүйелі жүргізіліп жатқанын көрсетті.

«Шымкент келбеті»