Kaspi Gold картасына күнде ақша түсіп жататындар «Кәсіпкер» деп танылуы мүмкін, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Мобильді қосымшалар арқылы жедел аударымдардың арқасында қолма-қол ақша айналымының көп бөлігі карта арқылы аударымға көшті. Алайда, бұл қызмет жеке тұлғалар арасындағы аударымдар үшін жасалған. Ол кәсіпкерлік мақсатта пайдалануға арналмаған.
Бүгінгі күні мобильді аударымдарды тауарлар, жұмыстар мен қызметтер үшін төлем қабылдау кезінде кәсіпкерлер кеңінен қолданады. Бизнес өкілдерінің кейбірі бұл қызмет арқылы нақты айналымдарын жасырады. Микро-шағын бизнесті үш жыл бойы табыс салығынан босатқанына қарамастан мұндай заңсыз әрекеттер жиі кездеседі.
Мемлекеттік кірістер комитеті трансферттер мен төлемдерді бөлу және фискалдау бойынша бірқатар шешімдер әзірлеп жатыр. Бұл кәсіпкерлердің жеке аударымдары мен кәсіпкерлік трансферттерін ажыратуға мүмкіндік береді. Бұл жаңашылдық тек бизнес өкілдеріне ғана қатысты.
Кәсіпкерлік қызметтегі аударымдар мен төлемдерді қабылдау үшін Комитет бизнеске бөлек шоттар пайдалануды ұсынады.
- Сондай-ақ, біз кәсіпкерлік қызметке арналмаған шоттарды пайдаланып табыс алу белгілерін анықтайтын, тәуекелдерді басқару жүйесін іске қосуды ұсынамыз, - делінген ресми хабарламада.
Мысалы, бір адамның күн сайын бірнеше адамнан аударымдарды ұзақ уақыт бойы алуы кәсіпкерлік қызметтің белгілері ретінде танылуы мүмкін. Жалпы тауарлар, жұмыстар мен қызметтер үшін жасалған төлем белгілерін анықтау бойынша жұмыс басталды және екінші деңгейлі банктермен, «Атамекен» ҰКП-мен және бизнес қауымдастықпен бірлесіп талқыланады.