​ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ҚОНАҚЖАЙЛЫЛЫҒЫН ДӘРІПТЕГЕН

​ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ҚОНАҚЖАЙЛЫЛЫҒЫН ДӘРІПТЕГЕН

Шымкент қаласының әкімдігінің қолдауымен ассамблея жанындағы этномәдени бірлестіктердің қатысуымен дәстүрлі «Қазақ дастарханы» фестивалі өтті. Өңірдегі түрлі этнос өкілдері ұлттық тағамдарды алдымызға тарту ете отыра, қазақтың құндылығын көпшілікке паш етті.

Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастырған фестиваль аясында 17 этномәдени бірлестік мүшелері қазақтың ет тағамынан бастап, үлпілдеген бауырсағын, жент, талқан-тары, көмбе, үлпершек, бұқпа, қарын бөртпе сынды түрлі ұлттық тағамдарын дайындады. Ұлттық тағамдардың тарихы мен ас әзірлеудің әдіс-тәсілін іс-шара қонақтарына баяндады.

– Дәстүрлі «Қазақ дастарханы» фестивалі – өңірдегі этностар арасында татулық пен достықтың айғағы. Біздің міндетіміз – қазақтың ұлттық тағамдарын қайта жандандырып қана қоймай, әртүрлі этномәдени бірлестік мүшелерін бір бастамамен біріктіру. Бүгінгі шараны ұйымдастыру арқылы біз өңірдегі барша этностарды қоғамдық бастамаларға ұйыстыру арқылы қазақ халқының қонақжайлық дәстүрін дәріптеуді, рухани құндылықтарымызды жаңғыртуды көздеп отырмыз,– дейді Өзбек-этно мәдени бірлестігінің төрағасы Тахирбек Нишанбаев.

Бір үйдің баласындай болған ұлт өкілдері ұмыт бола бастаған қазақы тағамдарды ел жадында жаңғырту мақсатында дайындағандарын айтты. Танымал өнер жұлдыздары өнер көрсетіп, кештің шырайын ашты.

«Шымкент келбеті»