Бүгін Шымкент қаласында Қазақ радиосының 100 жылдығына орай Бозарық шағын ауданынан көше атауы берілді, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Ғасырлық мерейтой қарсаңында«Қазақ радиосына» берілген көше атауының ашылу салтанатына қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, сатира саңлағы Көпен Әмірбек, белгілі радио дикторы Сауық Жақанова және басқа да өнер өкілдері мен көше тұрғындары қатысты.
–Бүгін 11:00-де қала әкімі Мұрат Әйтеновтың үкімімен маслихатта Qazaq radiosyкөшесі бекітілді. Санаулы 3 сағаттың ішінде осы көшенің ашылу салтанатына келіп тұрмыз. Жаңа көшеміз құтты болсын! Qazaq radiosyкөшесін Бозарық шағын ауданан бердік. Себебі бұл жер – Шымкенттің дамып келе жатқан тұрғын алабы. Шаһарымыз осы өңірге қарай ойысып, кеңейіп келеді, - деді қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан.
Ғасыр куәсі болған қара шаңырақтың бұлбұлы, Qazaq radiosу тыңдармандарының құлағына жақын дауыс иесі Сауық Жақанова бүгінгі кешке арнайы келіп, өз қуанышын білдірді.
–Оқуды аяқтай сала Қазақ радиосына жұмысқа кірдім. Әлемге қазақтың қоңыр үнін тыңдатқан әуе толқынына биыл 100 жыл толды. Мен соның жарты ғасырының куәгерімін. Қызмет еткен қара шаңырағымды бүкіл ел құрметтеп, көше атауын беріп жатса қалай қуанбайын. Бұл мен үшін мақтаныш, ұжым үшін жетістік, - деді Сауық Жақанова.
Жаңадан ашылған Qazaq radiosyкөшесінің ұзындығы 2,5 км. Оның бойында 300-ден аса үйде бар. Онда 1000-нан аса адам тұрады.
–Бұрын үйімізге жедел жәрдем не басқа да адамдарды шақырсақ, көше атауы болмағаннан тауып келу қиын болатын. Қазір енді «Қазақстан радиосының» бойында тұамыз деп айтсақ, келген адам жаңылмай тез тауып алатын болды, - деді Qazaq radiosyкөшесінің тұрғыны Серікбай Байсапаров.
Айта кетейік, Қазақ радиосы әуе толқынына алғаш рет 1921 жылдың 1 қазанында ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының бастамасымен Орынбор қаласынан хабар таратқан. 1926 жылы редакция Қызылордаға көшірілді. Ал 1923 жылы 23 наурызда эфир қазақ тілінде жүргізілді. 1931 жылы Қазақ радиосы Алматыға көшті. 1932-1954 жылдар аралығында Қазақ радиосының өз хоры болды. 2005 жылы 1 қаңтардан бастап тәулік бойы жұмыс істеді. Ал 2012 жылдың 1 қазаннан бастап Нұр-Сұлтандағы «Қазмедиа орталығынан» хабар таратып келеді. Қазіргі таңда Қазақ радиосы республика аумағының 89 пайызын қамтиды.