«Тәуелсіздік – бірлік пен тұрақтылықтың тұғыры» тақырыбында өткен ассамблея сессиясында Тәуелсіздігінің 30 жылдық белесі мен Елбасы айтқан тапсырмаларды іске асыру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Отырысты ашып жүргізген қала әкімі, қалалық ассамблея төрағасы Мұрат Әйтенов Тәуелсіздіктің 30 жылдық белесіне еліміз толымды табыстармен табан тірегенін атап өтті. Сонымен бірге Елбасы төрағалығымен өткен соңғы сессияда Ассамблеяның алдағы жұмыс стратегиясы ретінде айқындалған бес қағидат бойынша жауапты сала мамандарына бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.
Сессия отырысында Абай оқуларының үздігі қалалық корей этномәдени бірлестігінің мүшесі Тимур Пак өз болашағын қазақ әдебиетімен байланыстыратынын жеткізді.
–Мен кезінде Қазақстанға күштеп қоныс аударылған корейлердің төртінші ұрпағымын. Өз басым болашағымды Қазақстанмен байланыстырып, белін бекем буған жас буынның өкілімін. Шардарада туылып, Жетісайда жетілдім, Шымкентте шыңдалдым. Ауылда өскеннен болар қазақ тілін жетік меңгердім, қазақи тәрбие алдым. Тіл білгенім, қазақтың көркем әдебиетіне оның ішінде Абай шығармаларына деген қызығушылығым мені бірталай белеске шығарды. Өміріме мән беріп, қайта қарауға ықпал етті,-деді Пак Тимур.
Сессия жұмысының қорытындысымен оған қатысушылардың қала тұрғындарына арнаған Үндеуі қабылданды.
Айта кетсек, бүгінде Шымкент қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясы қанаты астында 17 этномәдени бірлестік қызмет атқарса, оларда барлығы 14 ақсақалдар алқасы, 12 аналар мен іскер әйелдер бірлестіктері, 9 жастар қанаттары, 8 жексенбілік мектептер ашылған. Қалалық ассамблеяның қоғамдық құрылымдары санатында Қоғамдық келісім кеңестері, Аналар кеңестері, Ғылыми-сарапшылық топ, Медиация кеңесі, Журналистер мен блогерлер клубы, Жастар қозғалысы табысты қызмет атқарып келеді.