Қаладағы Достық үйінде “Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамдық құрылымдарының қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірлікті нығайтудағы рөлі”
тақырыбында республикалық лекторий
бастау алды. «Қоғамдық келісім» републикалық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен өтетін лекторийдің мақсаты – қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделін дәріптеу. Жиынға республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының өкілдері, қалалық ҚХА жанындағы қоғамдық құрылымдар мен этномәдени бірлестіктердің төрағалары, мүшелері, азаматтық қоғам институттарының жетекшілері қатысты.
Екі күнге жоспарланған іс-шараның ашылу рәсімінде Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Лугмар Буларов, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек аталған жиынның маңызы зор екенін атап өтіп, қоғамдық келісімді нығайтудағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарына тоқталды.
Іс-шарада Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ-дың департамент директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Қайрат Анарбаев баяндама жасады. Келесі жылы еліміздегі демократиялық институт ретінде қалыптасқан Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл толғалы отыр.. ҚХА-ның қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайтудағы рөліне қатысты республикалық лекторий осы мерейтой аясында қолға алынып отыр.
Лекторий одан әрі Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ-де жалғасты. Ертең «Академиялық инновациялық университетте» өтеді деп күтілуде. Іс-шараға аталған оқу орындарының оқытушылары мен студенттері қатысып, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделі туралы лекторлар мен сарапшылардың лекцияларын тыңдайды.
«Шымкент келбеті»