Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстанда «кредиттік рақымшылықты» ұзарту туралы ақпаратқа түсінік берді, - деп хабарлайды Shymkentaqparat тілшісі Tengrinews-ке сілтеме жасап
Бұған дейін inbusiness.kz басылымы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі елдің әлеуметтік осал топтары үшін қарыздарды есептен шығару мерзімдері мен регламентін реттейтін қолданыстағы қаулыға өзгерістер енгізу жобасын дайындап жатқанын хабарлаған болатын. Осылайша "кредиттік рақымшылықты" пайдалана алатын қазақстандықтар саны артатыны айтылды.
- Қазақстанда азаматтар үшін "кредиттік рақымшылықты" ұзарту жоспарланғаны туралы бірқатар БАҚ-та жарияланған мәлімет "ашық деректер" порталында орналастырылған Үкімет қаулысының жобасын дұрыс түсінбеуіне негізделген және шындыққа сәйкес келмейді, - деді ведомство өкілі.
Мемлекет басшысының 2019 жылғы 26 маусымдағы "Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту шаралары туралы" Жарлығын орындау үшін Үкіметтің 2019 жылғы 15 шілдедегі "Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайтуға арналған қаражатты пайдаланудың кейбір мәселелері туралы" қаулысы қабылданғаны белгілі. Қаулымен есептен шығару мерзімі 2019 жылғы 13 желтоқсаннан кешіктірілмейді деп белгіленген.
Қазақстанда борыш жүктемесін азайту 3 кезеңде жүргізілген. Бірінші кезеңде есептен шығару 2019 жылдың қыркүйегінде 507,4 мың адамға жалпы сомасы 105,2 миллиард теңге бөлінді. Екінші кезеңде 2019 жылғы желтоқсанда - 46,9 мың адамға жалпы сомасы 9,8 миллиард теңге.
Жарлық күшіне енген тұлғаларды толық қамту мақсатында министрлік 2020 жылғы сәуірде жалпы сомасы 5,5 миллиард теңгеге 23,4 мың адамға үшінші есептен шығаруды жүзеге асырды.
- Осыған байланысты, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2020 жылдың І тоқсанында нақты жүргізілген жұмыстарды ескере отырып, есептен шығару мерзімін түзетуді көздейтін "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 15 шілдедегі "Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайтуға арналған қаражатты пайдаланудың кейбір мәселелері туралы" қаулысына өзгерістер енгізу туралы" ҚР Үкіметі қаулысының жобасын әзірледі. Бүгінде берешекті есептен шығару бойынша барлық жұмыс аяқталған және оларды қайта бастау жоспарда жоқ, - деді ведомство өкілі.