Елімізде мектеп психологтарының әлеуетін арттыру бойынша жұмыс жүйелендіріліп жатыр. Бұл туралы кеңейтілген Үкімет отырысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Министрдің сөзінше бүгінде елімізде 7 652 педагог-психолог күн сайын өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларға қолдау көрсетіп отыр.
– 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап психолог-педагог санаты 3-блоктан 2-блокқа көтерілді. Нәтижесінде, еңбекақысы қөбейіп, біліктілігіне сай қосымша 30%-дан 50%-ға дейін ақы алу мүмкіндігі берілді. Енді әлемдік тәжірибе бойынша оқушыларды психологиялық қолдаудың тиімділігін арттыру үшін қосымша штаттық бірліктер қажет болып тұр, - деді Аймағамбетов.
Еліміздің бас ұстазы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қабылданатын шараларды қорытындылап, психологиялық қызметтердің жұмысын күшейту үшін бірыңғай талаптар енгенін мәлімдеді.
- Тәрбие жұмысы бағыты бойынша мектеп пен ата-аналардың өзара іс-қимылының жаңа форматын енгізу керек;
- Жалпы тәрбие жұмысының құндылыққа бағытталған компонентін күшейтеміз.
- Білім беру ұйымдарын бейнебақылау жүйелерімен, лицензияланған күзетпен, дабыл түймелерімен, жедел басқару орталықтарына шығарумен 100% қамтамасыз ету керек;
- Педагогикалық қызметкерлер мен оқушыларды төтенше жағдайлар, террористік қауіп кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша оқытуды ұйымдастырамыз;
- Білім беру ұйымдарында штаттан тыс жағдайлар бойынша жыл сайынғы оқу-жаттығулар өткізу де өте маңызды;
- Төтенше жағдайлар, террористік қауіп кезінде оқушылар мен мектеп қызметкерлерінің іс-қимыл алгоритмін жаппай енгізу.
–Білім беру ұйымдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бекітілген талаптарды орындап, бюджеттен қосымша қаржы бөліп, қысқа мерзімде осы жұмысты ұйымдастырамыз,-деді білім министрі.