Қазақстанда зейнетақы төлемдерінің мөлшері аталды

Қазақстанда зейнетақы төлемдерінің мөлшері аталды

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 1 шілдедегі жағдай бойынша елміздегі зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшерін жариялады, деп хабарлайды Shymkentaqparat тілшісі

2021 жылдың қаңтар - маусым айларында республикалық бюджеттен базалық зейнетақы төлеуге 410,8 млрд. теңге, ынтымақты зейнетақы төлемдеріне 928,9 млрд. теңге жұмсалды.

2021 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша зейнеткерлер саны 2 млн. 239 мың адамды құрайды.

«2021 жылғы маусымда республикалық бюджеттен зейнетақы төлемдеріне 222,3 млрд теңгеден астам, оның ішінде базалық зейнетақыны төлеуге 68,2 млрд теңге, ынтымақты зейнетақыны төлеуге 154,1 млрд теңге бағытталды.

Зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшері (оның ішінде базалық зейнетақы) 2021 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша 99 898 теңге болды»,-делінген хабарламада.

Айта кетсек, 2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі, оның зейнетақы жүйесіндегі тәжірибесін ескере отырып, әр алушыға жеке тағайындалады.

Бұл ретте зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне 1998 жылғы 1 қаңтарға ынтымақты жүйеде жинақталған еңбек өтілі, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) төленген кезеңдер қосылады.

Еңбек министрлігі егер зейнетақы жүйесіндегі жұмыс өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, сондай-ақ егер мүлде жоқ болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызын құрайды. Содан кейін 10 жылдан асқан әр жыл үшін оның мөлшері 2 пайызға артады. Мысалы, егер сіз 20 жыл қатыссаңыз, базалық зейнетақы күнкөріс деңгейі құнының 74 пайызды, 30 жыл – күнкөріс құнының 94 пайызды құрайды. 33 және одан да көп жыл жұмыс өтілі болса, күнкөріс құнының 100 пайыз мөлшерінде белгіленеді.

Егер бір ай ішінде МЗЖ бірнеше рет Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына жасалса, жинақтаушы жүйеге қатысу мерзімі бір айды құрайды.

Осылайша, міндетті зейнетақы жарналары неғұрлым тұрақты және толық салынатын болса, зейнетақы жасына жеткенде базалық зейнетақы төлемдерінің мөлшері соғұрлым көп болады.

Өз кезегінде, жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтардағы жұмыс өтіліне (кем дегенде 6 ай қажет) және зейнеткерлікке дейінгі кезеңде алынған орташа айлық табысқа байланысты болады.