Қазақстандық тенор Нұрсұлтан Әнуарбек Үлкен театрдың Жас опера бағдарламасына қабылданды

Қазақстандық тенор Нұрсұлтан Әнуарбек Үлкен театрдың Жас опера бағдарламасына қабылданды

«Астана Опера» театрының солисі Нұрсұлтан Әнуарбек үш кезеңдік тыңдаудан сәтті өтіп, Ресейдің Үлкен театры жанындағы Жас опера бағдарламасына қабылданды. Оқыту қараша айының соңында басталады.

2009 жылы құрылған бұл бағдарлама – әлемдегі жас опера орындаушыларын даярлайтын жетекші орталықтардың бірі. Қатысушылар вокал коучтарымен, дирижерлер, режиссерлермен жұмыс істеп, шетел тілдерін, сахналық қозғалысты меңгереді және Үлкен театрдың Тарихи және Жаңа сахналарындағы қойылымдарға қатысады.

Нұрсұлтан Әнуарбек шығармашылық жолын Қызылорда қаласындағы Қазанғап атындағы музыкалық колледжде бастап, кейін Қазақ ұлттық өнер университетінде білімін жалғастырды. 2023-2024 жылдары ол Astana Opera Халықаралық опера академиясында оқып, одан кейін театр труппасына солист ретінде қабылданды.

Жас тенор бірқатар беделді байқаулардың лауреаты атанған. Атап айтсақ, «Қазақша романсиада» ХХVI Халықаралық байқауынан Гран-при (2024), Италиядағы «Caruso – De Curtis» халықаралық конкурсынан I орын (2023), Мәскеу халықаралық орыс романсы орындаушылары байқауында I орын (2024) иеленген. Биыл ақпан айында ол Сочидегі Юрий Башметтің Қысқы өнер фестивалі аясында өткен шеберлік сабақтарына қатысты.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі