Қазақстанда нақты жалақының мөлшері 10 пайызға артып, 221 мың теңгеге дейін өседі, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Бұл туралы премьер-министр Асқар Мамин мәлімдеді.
Оның айтуынша, биыл жұмыспен қамтуға арналған мемлекеттік бағдарламалар аясында 1,2 миллион адам жұмыспен қамтылмақ.
«Нақты жалақының мөлшері 10 пайызға, яғни 221 мың теңгеге дейін артады деп жоспарланып отыр. Жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайыздан аспайды» -, деді Асқар Ұзақбайұлы үкімет отырысында.
«Бастау бизнес» жобасы тиімділігін көрсетті. Биыл 30 мың адамды кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жоспарланып отыр. «Атамекен» палатасы еңбек министрлігімен бірлесіп, білім алушылардың санын көбейтсін»-, деді Мамин.
Премьер-министр «Еңбек» ұлттық жобасы экономика салаларын сапалы бәсекеге қабілетті еңбек ресурстарымен қамтамасыз етуге тиіс деп санайды.
Осыған байланысты Асқар Ұзақбайұлы еңбек министрлігіне 1 маусымға дейін 2021-2025 жылдарға арналған «Еңбек» ұлттық жобасын үкіметке енгізуді тапсырды.
Ұлттық экономика, еңбек министрліктері мен әкімдіктер 1 шілдеге дейін жұмыспен қамтудың өңірлік карталарын әзірлеуге тиіс. Мамин жұмыспен қамтудың жоспарлы көрсеткіштеріне қол жеткізуге және тұрақты жұмыс орындарын құруға ерекше назар аудару қажет екенін айтып өтті.
Сондай-ақ құзырлы органдар мен әкімдіктерге «Еңбек» жобасының іс-шараларын қаржыландыруды қамтамасыз ету міндеті жүктелді.