Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚР Парламенті Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде техникалық мамандықтарға басымдық беру керек деген тапсырмасына орай БАҚ өкілдері баспасөз туры барысында қаладағы политехникалық колледж бен №6 арнаулы оқу орнының жұмысымен танысты.
Политехникалық колледж «Жас маман» жобасына іріктелген шаһардағы арнаулы оқу орындарының біріне кіреді. Мұнда техникалық мамандықтар, соның ішінде «Жас маман» жобасы аясында радиотехника және байланыс, сондай-ақ электрмен қамтамасыз ету мамандықтары тереңдетіліп оқытылады.
Радиотехникадан дәріс беретін ұстаз Есімхан Досжанов пен шәкірті Даниял Мақсатұлы мамандықты оқытуда қолданылатын зертханалық, тәжірибелік құрал-жабдықтармен таныстырып шықты. Оған зертханалық модуль, аксилограф, активті идентификатор, оптикалық рефлектометр, Fitel S 179 аппараты, оптикалық муфта секілді құрал-жабдықтар жатады.
Электрмен қамтамасыз ету мамандығында электр желісін монтаждау, үйге домофон орнату секілді жұмыстарды тәжірибе жүзінде үйретеді.
Жоғарыда аталған құрал-жабдықтарды «Жас маман» жобасы аясында сатып алуға мемлекет есебінен 288 млн. теңге бөлінгені туралы Политехникалық колледж директорының орынбасары Әлібек Беков айтып өтті. Колледж зертханалық стендтер арқылы радиобайланыс пен электр энергиясы мамандықтарын тереңдетіп оқытуға айрықша мән береді.
Қаладағы №6 колледжде аспаз, кондитер, наубайшы, азық-түлік өнімдерін сатушы мамандықтары оқытылады. Колледж шәкірттері шаһардағы «Рахат» фабрикасы, «Мадлен», «Ладушки», «Магнум», «Кәусар» өндіріс орындары мен сауда және тамақтану желілерінде жұмыс істеуде. Сондай-ақ аталған оқу орнында ресторандық сервис қызметіне де үйретеді. Оқу бітірген түлектердің көпшілігі тұрақты жұмысқа орналасады.
Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиеваның айтуынша, мегаполисте 32 колледждің 24-і техникалық бағытта білім береді. Мемлекеттік тапсырыс аясында 5702 студент тегін білім алады.
— Басқарма тарапынан қаладағы ірі құрылыс кәсіпорындармен келіссөздер жүргізудің арқасында 1604 мамандыққа сұраныс бар екені анықталды. Сондықтан осы мамандықтарға даярлау үшін техникалық колледждерге қысқа мерзімді оқу курстарын ұйымдастырдық. Ол тас қалаушы, құрылысшы, сылақшы секілді мамандықтар. Бұрын оқу бітірген түлектердің жұмысқа орналасқанын зейнетақы қоры арқылы біліп отыратынбыз. Қазір анықтау тәсілін өзгерттік. Соның бір дәлелі, 27 кәсіпорынмен тікелей келісімшартқа отырдық. Сондай-ақ алдағы іс-шаралар жоспары бойынша заңгер, экономист секілді мамандықтар қысқаратын болады, - деді Жанат Арысбекқызы.