КЕЗЕКТІ РЕТ ЖАЛПЫҚАЛАЛЫҚ ТҮНГІ РЕЙД ӨТТІ

КЕЗЕКТІ РЕТ ЖАЛПЫҚАЛАЛЫҚ ТҮНГІ РЕЙД ӨТТІ

Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен қаланың 5 ауданы бойынша кезекті рет «Қауіпсіз қала» түнгі рейдтік іс-шарасы өткізілді. Түнгі рейд жастар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу және түнгі уақытта қоғамдық тәртіпті сақтау бағытында профилактикалық жұмыстар жүргізуді мақсат еткен.

Іс-шараға Шымкент қаласы Полиция департаменті, аудан әкімдіктері, Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері қатысты. Рейд барысында мамандар жасөспірімдердің түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүру фактілерін анықтау, ойын-сауық мекемелерінде қорқор мен зиянды заттарды пайдаланудың алдын алу, жастардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ҚР заңнамаларын сақтау қажеттілігі жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, жасөспірімдер мен олардың ата-аналарына заң талаптары түсіндіріліп, ескерту парақшалары таратылды. Рейдке қатысқан жастар инспекторлары мен әлеуметтік қызметкерлер тарапынан кеңес беру жұмыстары ұйымдастырылды.

- Заң мен тәртіп қағидаты аясында қала аумағында жұма-сенбі сайын рейдтік іс-шаралар өтіп жатыр. Қазіргі уақытта жасөспірімдердің түнгі уақытта бейсауыт жүру жағдайлары көбейген. Бір жағдайға ұрынып қалмауы үшін біз де тиісті жұмыстарды жүргіземіз. Жалпы, қауіпсіздікті арттыру - басты назарда тұр, - дейді Шымкент қаласы Полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының инспекторы Жандос Ахметұлы.

Кезекті рейд барысында жастар ресурстық орталығы, аудан әкімдіктері, Полиция департаменті қызметкерлері барлық аудан бойынша белсенді жұмыстар атқарды.

«Шымкент келбеті»