Шымкент қаласында бүгін медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға және баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам жасалды. Қала әкімдігі мегаполистегі жетекші медициналық және фармацевтикалық ұйымдармен бірге ақылы медициналық қызметтер мен дәрі-дәрмек бағасын тұрақтандыру жөніндегі меморандумдарға қол қойды.
Бастаманың негізгі мақсаты – ақылы қызметтер құнын төмендету, дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың бағасын ұстап тұру, баға саясатының ашықтығын қамтамасыз ету және тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру.
Келісімге «№14 емдеу орталығы» ЖШС, «Ай-Нұры медициналық орталығы» ЖШС, «КАМЕЯ Pharm Group» ЖШС, «Otau Med» ЖШС, «Атамекен медициналық орталығы» ЖШС, «ЗЕРДЕ-ФАРМА» ЖШС, «МУРАТ-ФАРМ» ЖШС және «ЗЕРДЕ ғылыми-өндірістік бірлестігі» ЖШС секілді саладағы ірі мекемелер қосылды.
Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімов меморандумдардың тұрғындар игілігіне бағытталғанын атап өтті.
«Бұл қадам қала тұрғындарына медициналық қызметтер мен дәрі-дәрмектердің қолжетімділігін арттыруға тікелей ықпал етеді. Сонымен бірге инфляциялық қысымды төмендетуге арналған жалпы шаралардың маңызды бөлігі болып саналады», – деді ол.
Тараптардың келісімдері тек бағаны ұстап тұрумен шектелмей, медициналық мекемелер арасында адал бәсекелестікті дамытуға, көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға және азаматтардың мүддесін қорғауға жол ашады.
Меморандумдарға қол қою – мегаполистің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын нығайтуға бағытталған жүйелі жұмыстың жалғасы. Қала әкімдігі алдағы уақытта да қоғам үшін маңызды салаларда баға тәртібінің ашықтығын қадағалап, тұрғындардың медициналық көмекке тең қолжетімділігін қамтамасыз етуге басымдық бермек.
Айта кетейік, өткен аптада әкімдік 100-ден астам кәсіпкерлік субъектісімен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру жөнінде келісімдер жасаған болатын. Бұл бастама тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді жұмыстың бір бөлігі.
“Шымкент келбеті”