Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана.
Әбіш КЕКІЛБАЕВ
Сөз зергері Әбіш Кекілбаев мемлекеттік хатшы қызметінде жүргенде ресми сапармен Германияға барады. Неміс - әлемге аты кеткен халық. Ұсынықтылығы, бірді екі ете алатын іскерлігі, дүние жүзіне қызмет етіп жатқан «Сименс» сияқты нанотехнологияның Отаны. Олардың «Мерседес» машинасы әлемдік бренд. Қазақстанды көп естімеген. Сонда да болса тәуелсіз жас мемлекеттен келген мемлекеттік хатшыны бар ықыласымен қабылдайды. Канцлердің кабинеті. Алманияның ығай мен сығайы жиналған.
Арада тілмаш. Бәрі жақсы. Екі жақты талай келісімге қол қойылған. Кофе брейк. Олар тарапынан қазақ тарихы сұралады. Абыз Әбіш байыппен жауап беріп отыр. Әңгіменің ыңғайы герман тарихына ойысады. Әбекең бұлақтай ағылады. «Қазақстан» телеарнасының тілшісі Нұрлан Әлімжанов «ресми кездесу бітті деп асай-мүсейлерімізді жинап тастаған едік, қатты өкініп қалдық» дейді.
Әбіш аға германның арғы бергі тарихын таратқанда әлемнің кереметтеріне селт ете бермейтін неміс ағайындар аузын ашып, көзін жұмыпты. Депутаттарының бірі шыдамапты. «Сіз қазақсыз, Сіз біздің тарихты бізден жақсы білетін мұхиттай терең адам екенсіз» депті. Журналист айтқан сөздің нобайы осы. Ал, абыз Әбіш телгей теңіз білімді қайдан алды. Әрине, кітаптан.
Әу бастан өнер, білімге ынтық қазақ баласының ең жақын досы кітап болғаны мәлім. Қадыр Мырзалиевтай ақиық ақындардың бай кітапханасы бүгінде аңыздай айтылатыны осы.
Кезінде «кітап, кітапхана керек емес» деп мұрнын шүйірген әлем енді кітапқа қайта оралып жатыр. Кітаптан ажыраған қоғамның азғындап бара жатқанын көздері көрді, жанымен түйсінді. Қасиетсіздіктен шошынды.
Осы шептің алдынғы сапында кітаптан ажыраңқырап қалған Қазақстан да бар. Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанда алғаш рет Ұлттық кітап күні аталып өтіп жатыр. 2024 жылы Ұлттық құрылтай отырысында жарияланған бұл шешім –жеке тұлғаның дамуындағы кітаптың рөліне қоғамның назарын бұруға, сондай-ақ жоғары оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
Мерекелік күнге дайындық аясында 2025 жылғы 14-18 сәуір аралығында EGOV mobile платформасында азаматтар арасында сауалнама жүргізілді. Анықтама: сауалнамаға еліміздің барлық өңірінен 46 190 адам қатысты. Оның ішінде 50.7% әйел және 49.3% ер; 70% қазақ, 18% орыс және 12% басқа этностар; 21% (18-29 жас), 50% (30-45 жас), 22% (46-60 жас), 5% (61 жастан жоғары).
Сауалнаманың мақсаты – халықтың кітапқа қатысты қызығушылығын зерттеу, кітап оқуға деген жалпы көзқарасты анықтау. Алынған нәтижелер өзекті тенденцияларды көрсетеді және кітап оқитын ұлтты қалыптастыру әлеуетін жаңа көзқараспен бағамдауға мүмкіндік береді.Қазақстандықтардың басым бөлігі (57,3%) тұрақты негізде кітап оқиды. Социологиялық деректер қазақстандықтар кітап оқуды негізінен – білім және ақпарат алу үшін пайдаланатынын көрсетеді. Респонденттердің 31% жылына 1-3 кітап, 26.3% 3 кітаптан артық оқиды. Бұл көрсеткіш – халықтың едәуір бөлігінде оқуға деген қызығушылықтың сақталғанын көрсетеді.
Оқуға деген қызығушылық жас санатына байланысты да құбылатынын көрсетті: кітап оқуға деген қызығушылық негізінен 18-29 жас аралығындағылар мен аға буын (61 жастан асқан) адамдар арасындабасым. Ал 30-45 жас аралығындағы адамдар салыстырмалы түрде аз оқиды.
Алайда, сұралғандардың үштен бір бөлігі (30.6%) уақыттың жоқтығынан мүлдем кітап оқымайтынын мойындады. Сауалнамаға қатысқандардың 50.8% - кітаптарды дәстүрлі қағаз форматында, 28% - смартфондар арқылы, 5.3% - электронды планшеттер арқылы оқиды.
Сауалнама деректері цифрлы форматың кең таралуына қарамастан, қағаз баспадан шыққан кітаптардың танымалдылығы қазақстандықтар арасында әлі де жоғары екендігін көрсетеді. Сұралғандардың жартысына жуығы (50.8%) кітапты дәл осы форматта оқитынын айтқан.
Одан кейін смартфондар – сұралғандардың үштен бірі телефонның экранынан оқиды (28%). Қазақстандықтар кітап оқу үшін пайдаланатын басқа да цифрлық тасымалдаушылар қатарында – электрондық планшеттер (5.3%) және компьютерлер (3.8%) саналады.
Оқудың балама әдісі – кітаптарды принтерлерден басып шығару екен. Мұндай әдісті сауалнамаға қатысқандардың 1.25% көрсетті.
Айта кету керек, әдетте респонденттер бір емес, бірден бірнеше ыңғайлы оқу форматтарын қалайды. Ең жиі кездесетіні – «қағаз кітап пен смартфон» нұсқасы, бұл әсіресе жастар мен орта жастағы адамдар арасында танымал.
Жүргізілген талдау цифрлық құрылғылар Қазақстандықтардың оқу тәжірибесінен қағаз құрылғыларды толығымен ығыстырады деп айтуға әлі негіз жоқ екенін көрсетеді. Сұрау салу нәтижесінде әрбір бесінші қазақстандық М.Әуезовтің «Абай жолы» және Абайдың «Қара сөздерін» оқығандығын байқауға болады.
Танымал әдеби шығармалар ішінде «Көшпенділер» (Ілияс Есенберлин); «Қан мен тер» (Әбдіжәміл Нұрпейісов); «Ақ Орда», «Қазақ хандығының тарихы»; Бауыржан Момышұлының кітаптар жинағы ерекше көзге түседі.
Шығармалар тізіміндегі абсолютті көшбасшылар – М. Әуезовтің «Абай жолы» және Абайдың «Қара сөздері». Бұл ұлы ойшыл Абай идеяларының қазіргі қоғам үшін жоғары өзектілігін тағы да көрсетеді.
Ең танымал әдеби шығармалар шоғырында – белгілі қазақ классиктерінің шығармалары.
Бүгінгі күні Шымкент қаласында кітапханалар заман талабына сай жаңартылып, тұрғындарға сапалы қызмет көрсетіп келеді. Мысалы, қаладағы ең ірі кітапхананың бірі – Абай кітапханасы оқырмандарға кең көлемде ақпарат ұсынады.
Кітапханашылар - білім мен мәдениеттің шырақшылары. Олар оқырмандарға бағыт-бағдар беріп, рухани дамуға үлес қосуда. Шымкенттік кітапханашылар республикалық байқауда жүлдегер атанып, еңбектері жоғары бағалануда.
Оқырмандардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында Шымкентте «Кітап оқитын Шымқала» атты көше кітапханалары ашылды. Бұл жоба тұрғындардың кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
Осы ретте «Amanat» партиясының жұртты кітапқа оралтудың жақсы амалдарын жасап жатқандығын ерекше айтуға болады. Мәселен, «Amanat» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанынан кітапхана желісі ашылған. Мұнда қалада тұратын ақын, жазушылармен және көрнекті тарихшы, ғалымдармен тұрақты кездесулер өтіліп тұрады. Оқырмандардан бөлек оқушылар да шақырылады. Сұрақтарға жауап беріледі. Партия филиалы ғимаратындағы кітапхана желісіндегі сатылымға түсетін туындылар басқа жердегі сатылымдардан әлдеқайда арзан. Осындай тиімді жұмыстар екі жаққа да жақсы пайдасын тигізіп жатыр. «Гладиатор», «Наполеон» фильмдерін түсірген Ридли Скотт деген атақты режиссер:
«Әлемдегі ең керемет кинозал - ми. Бірақ сен оны тек кітап оқығанда ғана түсінесің» деген екен.
Бұны ақыл-ой кені Абай бабамыз да айтқан
Пайда ойлама, ар ойла,
Талап қыл артық білуге.
Артық білім кітапта,
Ерінбей оқып көруге.
Бұдан артық қалай айтуға болады. Мақаланы әлемге әйгілі жазушы, ойшыл Лев Толстойдың пікірімен түйіндеген жөн көрдік.
«Іске деген сүйіспеншілігі бар мұғалім жақсы мұғалім болады. Егер мұғалім шәкіртін әкесіндей, шешесіндей сүйетін болса, ол барлық кітаптарды оқыған, бірақ іске де, шәкірттеріне де сүйіспеншілігі жоқ мұғалімнен тәуір болмақ. Егер мұғалім өз бойында іс пен шәкірттеріне деген сүйіспеншілікті біріктірген болса, ол - кемел ұстаз».
Бақтияр ТАЙЖАН