Жуырда ғана жарыққа шыққан режиссер Асылжан Әбдімүтәліптің киносы «Көке» көрерменге жол тартты. Фильмінің жабық көрсетілімі «Shymkent City Mall» сауда орталығының кино залында өтті. Бас продюссер Айгүл Иманбаева, идея авторы Сәбит Әбдіқалықов, режиссер Асылжан Әбдімүтәліп арнайы келіп, көрерменмен кездесу ұйымдастырды. Халықтың ықыласына бөленген өнер майталмандары фильм туралы көпшілікке айтып берді. Сондай-ақ, бұл жиынға өнер жұлдыздары мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Арнайы шақыртылған Ханбибі Есенқарақызы, Нұржан Төлендиев және жайдарман ойыншылары актерлік құрамға ақжол тіледі.
Әнші, кинопродюсер Айгүл Иманбаева киноның идеясына тоқталып өтті.
– Жалпы, комедия мен драма қатар қойылған. Бір қызығы, туынды абсурдтық комедия жанрындағы алғашқы қазақстандық фильм! Билік пен қоғам арасындағы байланысты, қарапайым өмірдегі кейбір шешімдер, тіпті саясат та құр қалмаған. Ой түйер дүние бар. Әр актердің мәтінінде бояуы бар, өнегелі өмірдің бейнесі көрініс тапқан. Өмірде байқамайтын кейбір келеңсіз жайттарды, кино ақырын әдеппен, өнер тілімін ақыл айтпай, түсіндіріп отырады. Бұл фильмді көрермен жоғары деңгейде баға береді деген ойдамыз,-дейді А. Иманбаева.
Қазақ киносы жайлы сөз болса, үлкен талас-тартыс туындары сөзсіз. Себебі әр адамның пікірі әртүрлі. Бірі қолдаса, енді бірі кемшілігін айтып өтеді. Киноны тек қызық, күлкі сыйлау үшін түсірмеу керек, мағыналы, берер ақылы бар, насихаттайтын ойы болуы шарт. Сол берері мол дүниенің қатары бүгінде Көкемен толықты.
«Шымкент келбеті»