Шымкент қаласында ұлттық спорт түрі көкпардан кезекті дүбірлі дода басталды. ҚР Туризм және спорт министрлігі, Шымкент қаласының әкімдігі, Көкпар федерациясының ұйымдастыруымен «Qazaqstan Kokpar Cup» клубтық командалар арасында алғаш рет республикалық турнир өтіп жатыр. Доданың жалпы жүлде қоры – 28 500 000 теңге. Бұл турнир – көкпар спортының дамуына серпін беріп, өңірлер арасындағы бәсекелестікті күшейтетін ауқымды жобалардың бірі.
Ұлттық спорт тарихындағы айтулы оқиға – клубтық командалар арасындағы республикалық турнирге биыл 7 команда жасақталды. Олардың қатарында Павлодар, Жетісу, Жамбыл, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласынан келген 100-ге жуық үздік шабандоз бақ сынайды. Әр өңірдің мықтылары ұлттық спорт жанкүйерлеріне жоғары деңгейде ойын көрсетпек.
Бүгін сайыстың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Ұлттық ат спорты түрлерінен мемлекеттік жаттықтырушы Нұркен Байбуриев құттықтау сөз сөйлеп, жарысты ашып берді. Сондай-ақ, КСРО-ның 9 дүркін чемпионы, көкпар спортының ардагері Әбілхан Дауылбаев спортшыларға сәттілік тілеп, батасын берді. Командалық көкпар ойынының негізін қалаушылардың бірі Ә.Дауылбаев ең тартысты ойындар осы командалық жарыс екенін айтты. Кімнің шын мықты екенін осында байқауға болады.
Командалық көкпар жаңа бағытта дамуға бет алды. Бұл жарыстың маңызы ерекше. Себебі ел бойынша көкпарға қызығатын әрбір шабандоздың мүмкіндігін ашу және командалық көкпардың тынысын кеңейту жоспары тұр. Жаңа атшабарда жанкүйер қауым ұлттық рухты асқақтататын, тартысы мол қызықты кездесулерді тамашалай алады. Турнир аясында көрермендер үшін түрлі мәдени бағдарлама мен ұйымдастырушылардың арнайы шаралары да қарастырылған. Барлық кездесулер Qazsport арнасында тікелей эфирде көрсетіледі.
Сонымен, Павлодар мен Шымкент командасы жарысты бастап берді. Тартысты бәсекелер 22 қарашада мәресіне жетеді.
«Шымкент келбеті»