Шымкент қаласының аумағында «Өңірлік қылмыстың криминологиялық болжамы туралы» пилоттық жобаның презентациясы және «Бизнесті қорғау және қолдау» тақырыбында бірлескен форум өтті. Іс-шараға қала әкімі М.Әйтенов, Шымкент қаласының прокуратурасы, Шымкент қаласының Полиция департаменті басшылары, бірқатар басқарма өкілдері және кәсіпкерлер қатысып, пікір алмасты.
Шымкент қаласының прокуроры Ғабит Мұқанов қалада криминогендік ахуал тұрақты екенін, қылмыстың алдын алу бойынша тисті жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.
– Шымкент қаласында зерделеу жұмыстары көрсеткендей, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, тонау, бұрын сотталғандар жасаған қылмыстар санының өскені байқалады. Қазіргі жағдайда қылмыс жасау тәсілдері де түрленіп кеткен. Осыған байланысты көптеген қылмыстық істер ашылмай қалуда. Осы мәселелерді ҚР Бас прокуратурасының жанындағы құқық қорғау Академиясымен және құқықтық статистика комитетімен бірлесіп, ғылыми зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл ретте қылмысқа қарсы күрес идеологиясын өзгертіп, қылмыстың барлық себептеріне қатаң әлеуметтік бақылау орнату керек. Екіншіден, өңірлік қылмысқа қарсы күрестің ғылыми негізделген бағдарламасын әзірлеу қажет , – деді Ғабит Қасымбекұлы.
Қолға алынған пилоттық жобаның мақсаты – дау-жанжалдардың резонансты қылмыстарға айналуына жол бермеу. Жиында ҚР Бас прокуратурасының жанындағы құқық қорғау Академиясының бас ғылыми қызметкері Индира Сейітқасымова пилоттық жобаны кеңірек таныстырды.
Қала әкімі М.Әйтенов криминогендік жағдай бойынша алдын ала әрекет етудің маңызды екеніне тоқталып, бұл орайда әр аудан бойынша прокуратура өкілдерімен бірлесе нақты жұмыстар атқару керектігін мәлімдеді. Сонымен қатар, кәсіпкерліктің дамуы еліміз үшін маңызды басым бағыттардың бірі екенін айтты. Шаһарда кәсіпкерлікті қолдау мен дамытуда жүйелі іс-шаралар атқарылуда. Кәсіпкерлікті қорғау бүгінгі күннің басты талабына айналып отыр.
Жиында Шымкент қаласы өңірлік Кәсіпкерлер палатасы директорының міндетін атқарушы Ә.Датқаев, қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Б.Әзімбердиев, ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қ.Базарбеков баяндама жасады. Бірқатар кәсіпкерлер өздерінің ұсыныстарын, ой-пікірлерін айтты.
«Шымкент келбеті» – Т.ҚАСЫМОВ
Фото: Серік ҚОСАЕВ