Шымкент қаласы өңірлік коммуникациялар орталығында қалалық Қоғамдық кеңестің төрағасы Нұрғазы Бұхарбаев баспасөз мәслихатын өткізіп, 2021 жылы атқарған жұмыстары жөнінде әңгімеледі.
– Биыл Шымкент қалалық Қоғамдық кеңесі 8 отырысын өткізіп, онда барлығы 68 мәселені қарады. Оның ішінде 28-і мемлекеттік органдардың атқарған жұмысы жөніндегі есептері болса, қалған 40-ы азаматтық құқықтарды реттейтін нормативтік актілерге қатысты. Нәтижесінде түрлі салалардағы маңызды мәселелерге қатысты 25 хаттамалық ұсыныс әзірленіп, тиісті органдарға жолданды. Оның ішінде қала бюджетін нақтылау, білім мен денсаулық сақтау саласын дамыту, әлеуметтік осал топтарды қолдау және оңалту, тұрғындарды баспанамен қамту және бағаны тұрақтандыруға қатысты ұсыныстар бар, – деді Н.Бұхарбаев.
Кеңес төрағасының айтуынша, мемлекеттік органдар Қоғамдық кеңес тарапынан жолданған барлық ұсыныстарды ескеріп, назарға алған.
Сонымен қатар баспасөз мәслихатында жыл басында заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес Қоғамдық кеңестің қызметін ұйымдастыру және қаржыландыру мәслихаттың міндетіне өткені айтылды. Оған қоса кеңес отырысына себепсіз 3 рет қатыспаған азамат оның құрамынан шығарылады.