Бүгін Шымкентте Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы іскерлік ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бизнес-форум өтіп жатыр. Халықаралық маңызы бар бұл іс-шараға екі елдің кәсіпкерлері қатысып, сауда, инвестиция, логистика, ауыл шаруашылығы және жеңіл өнеркәсіп салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асырудың мүмкіндіктерін талқылады.
Форумның салтанатты ашылуында Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин сөз сөйлеп, қатысушыларды құттықтады. Ол екі ел арасындағы сауда-экономикалық серіктестіктің қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
«Қазақстан Үкіметі атынан барша меймандарды және Ауғанстаннан келген кәсіпкерлерді елімізде көргенімізге қуаныштымыз. Екі ел арасындағы қарым-қатынастар жылдан-жылға артып келеді. Ауғанстан – Қазақстанның Оңтүстік Азиядағы маңызды серіктестерінің бірі және біздің өңірлік саясатымызда стратегиялық маңызы бар мемлекет. Біз өзара тиімді ынтымақтастықты тереңдетуге зор мән береміз», деді министр.
Серік Жұманғарин өз сөзінде соңғы жылдардағы сауда көрсеткіштеріне де тоқталды. Оның айтуынша, 2023 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 545 миллион АҚШ долларын құраған. Ал биыл алғашқы сегіз айдың қорытындысында бұл көрсеткіш 280 миллион долларға жеткен.
«Кейбір өнім түрлері бойынша аздаған төмендеу болғанымен, биыл бидай экспорты 2,9 есеге, мұнай өнімдері мен көлік құралдары экспорты 100 пайызға дейін артты. Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерін, соның ішінде бидай, күріш және қант сияқты негізгі тауарларды Ауғанстан нарығына жеткізуді ұлғайтуға мүдделі», деді ол. Министр ауыл шаруашылығы саласындағы әлеуетті мүмкіндіктерге тоқталып, экспорттық бағыттарды кеңейту үшін Бейнеу логистикалық терминалының әлеуетін пайдалануды ұсынды. Сондай-ақ өнеркәсіп пен көлік саласында да бірлескен жобалар қолға алынатынын жеткізді.
«Біз тау-металлургия, химия және құрылыс салаларында жаңа өндірістер құруға, қазақстандық жүк көліктерін Ауғанстан нарығына жеткізуге дайынбыз. Сонымен қатар ERG Exploration және «Қазақмыс» компанияларымен геологиялық барлау саласында келіссөздер жүргізіліп жатыр», деді Серік Жұманғарин.
Ол өз сөзінде көлік дәліздері мәселесін де ерекше атап өтті. Солтүстік-Оңтүстік көлік дәлізі арқылы Үнді мұхиты бағытындағы порттарға шығу екі елдің сауда әлеуетін жаңа деңгейге көтереді. Трансафган көлік дәлізінің мүмкіндіктерін пайдалану арқылы экспорттық тасымалдарды Пәкістанның Карачи және Гвадар порттары арқылы жүзеге асыру жоспарланып жатыр. Бұл бағыт Қазақстанға Таяу Шығыс пен Оңтүстік Азия нарықтарына тікелей шығуға жол ашпақ.
Ауғанстан Ислам Әмірлігінің өнеркәсіп және сауда министрі Әлхадж Нуриддин Азизи өз сөзінде Шымкенттегі бұл форумды екі бауырлас халық арасындағы достық қатынастарды нығайтатын маңызды қадам деп бағалады. «Әсем Шымкент қаласына жасаған сапарымыз екі ел арасындағы серіктестіктің жаңа кезеңін айқындайтын маңызды оқиға болғалы отыр. Бұл кездесудің басты мақсаты экономикалық әріптестікті дамыту және өзара тиімді жобаларды жүзеге асыру болады», деді ол. Әлхадж Нуриддин Азизи өнеркәсіп, энергетика, транзит және көлік, банк және білім беру бағыттарында бірлескен жобаларды іске асырудың маңыздылығын жеткізіп «Мұндай уағдаластықтар Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы байланыстарды жаңа деңгейге көтеріп, өңірлік тұрақтылық пен өзара сенімді нығайта түсетіні сөзсіз. Біз инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетуге, салықтық жеңілдіктер ұсынуға және шетелдік капиталдың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге дайынбыз», деді.
Форум барысында Қазақстан Президентінің Ауғанстан жөніндегі арнаулы өкілі, Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Еркін Тұқымов та сөз алып, Қазақстанның Ауғанстан бағытындағы саясаты туралы айтты. Оның айтуынша, Қазақстан басқа мемлекеттердің ішкі істеріне араласпау қағидасын берік ұстанып келеді. Сонымен бірге, елдің өз даму жолын айқындауына мүмкіндік беру қажет. Сауда қатынастарын кеңейту және көлік-транзиттік дәліздерді нығайту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Герат қаласында ашылған Қазақстанның Сауда үйі осының нақты дәлелі.
Еркін Тұқымов, сондай-ақ, гуманитарлық және білім беру бағыттарындағы ынтымақтастықтың да маңыздылығын тілге тиек етті. «Еуразиядағы ең ірі білім беру орталығы ретінде Қазақстан Ауғанстан азаматтарына медицина, ауыл шаруашылығы және инженерия салаларында білім алу мүмкіндігін ұсынуға дайын. Жақында еліміз Ауғанстанға жиырма алты тонна гуманитарлық жүк жөнелтті. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы көмек жалғасады», деді министр өкілі.
Форум жайында кеңірек тоқталған Шымкент қаласы Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Ермек Тұрманов тараптар отандық өндірушілердің Ауғанстан нарығына шығуына және ауған кәсіпкерлерінің өз өнімдерін Қазақстан нарығында ұсынуына жағдай жасау бағытында жұмыс істеп жатқанын жеткізді. Ол сонымен қатар ауған инвесторларының Шымкент қаласындағы экономикалық аймақтарға қызығушылық танытып отырғанын айта келіп «Қазір ауған кәсіпкерлерінің арнайы экономикалық аймақтарда кәсіпорындары жоқ, алайда қызығушылық бар. Тараптар арасында нақты келіссөздер басталып кетті», деді.
Форум барысында ауған кәсіпкерлері де өз пікірлерін білдірді. «Хамиди Энерджи» компаниясының өкілі Забибуллах Хамиди бұл форумның екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтудағы маңызы зор екенін айтады. «Біздің компания май және дәнді дақылдар өнімдерімен айналысады. Қазір Қазақстандағы серіктестермен бірлесіп Шымкент қаласында май өндіретін зауыт ашу жобасы әзірленіп жатыр. Егер келіссөздер сәтті өтсе, жақын уақытта жаңа кәсіпорын іске қосылады деп сенеміз», деді ол.
Забибуллах Хамиди Қазақстанның бизнеске ашық саясатын жоғары бағалап, өз ризашылығын білдірді. Оның айтуынша, Қазақстан ауған кәсіпкерлеріне әрдайым қолдау көрсетіп келеді. Бұл ынтымақтастықтың болашағы зор. Сондықтан ауған кәсіпкері екі елдің экономикалық дамуына өз үлесін қосуға дайын.
Форум соңында тараптар өзара тиімді әріптестікті дамыту, жаңа жобаларға қолдау көрсету және екі ел арасындағы сауда айналымын арттыру жөнінде нақты келісімдерге қол жеткізді. Шымкент төрінде өткен бұл форум Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы достық пен өзара сенімге негізделген серіктестіктің айқын көрінісі болды. Іскерлік кездесулер мен В2В форматындағы келіссөздер екі ел арасындағы экономикалық байланыстарды жаңа деңгейге көтеріп, ұзақ мерзімді әріптестіктің берік іргетасын қаламақ.
Жадыра МҮСІЛІМ, «Шымкент келбеті»