Көп балалы отбасылар жәрдемақыны проактивті түрде рәсімдей алады

Көп балалы отбасылар жәрдемақыны проактивті түрде рәсімдей алады

Шымкенттік 600-ге жуық әйел көп балалы отбасылар үшін тағайындалатын жәрдемақыны проактивті форматта алды.

Өткен жылдың мамыр айынан бастап әйелдерге төртінші немесе одан кейінгі баланы туған кезде тағайындалатын жәрдемақыны алу үшін ХҚО-ға жүгіну міндетті емес, мемлекеттік орган қызметті қашықтықтан SMS арқылы ресімдеуді ұсынады.

Бұдан бұрын аталған жәрдемақыны рәсімдеу үшін ХҚО-ға барып,өтініш жазып, жеке куәлік, балалардың туу туралы куәліктері мен неке қию куәлігі сияқты құжаттарды ұсыну қажет еді, ал жәрдемақы өтініш берілген күннен бастап тағайындалатын.

– Отбасында төртінші немесе одан кейінгі бала туған жағдайда, проактивті түрде баланың туу туралы куәлігін, бала туу мен оның бір жасқа дейінгі күтіміне байланысты берілетін жәрдемақыларды ғана емес, көп балалы отбасылар жәрдемақысын рәсімдеуді ұсынатын SMS-хабарлама да жіберіледі. Мұнда клиенттің SMS-ке келісімі ғана керек. Қажет мәліметтер мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алынады. ХҚО-ға барудың қажеті жоқ, – дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы басқармасының төрағасы Әділ Қожықов.

Көп балалы отбасыларға арналған жәрдемақы 2020 жылдың басынан төленеді. Төлемді төрт және одан да көп бала туған әйелдер ала алады. Қазіргі уақытта Шымкент қаласында бұл жәрдемақыны 53 мың шымкенттік отбасы алады. Оның ішінде 10 мыңнан астам әйел «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлері.

2022 жылы көп балалы отбасыларға тағайындалатын жәрдемақы мөлшері:

4 балаға - 49 100 теңге;

5 балаға - 61 383 теңге;

6 балаға - 73 666 теңге;

7 балаға - 85 948 теңге;

8 балаға - 98230 теңге;

Келесі әр балаға + 4 АЕК.

Анықтама:

Қазақстанда 4 және одан да көп кәмелетке толмаған балалары немесе 23 жасқа толғанға дейін күндізгі бөлімде оқитын бірге тұратын балалары бар отбасылар көп балалы деп саналады. 6 бала туған және тәрбиелеген көп балалы аналарға «Күміс алқа», ал 7 және одан да көп бала туып, тәрбиелегендерге «Алтын алқа» беріледі.

1414 нөмірінен қызметтерді проактивті түрде рәсімдеуді ұсынатын sms-хабарламаларды алу үшін телефон нөмірі мобильді азаматтар базасында тіркелу керек. Егер әйел қандай да бір себептермен SMS арқылы қызмет ала алмаса, ол бұрынғыдай ХҚО-ға жүгіне алады.

Толық ақпаратты 1414 нөмірінен білуге болады.