​КӨПБАЙ ӘЛІМБЕТОВТІҢ МЕРЕЙТОЙЫНА ОРАЙ ТАҒЫЛЫМДЫ КЕШ ӨТТІ

​КӨПБАЙ ӘЛІМБЕТОВТІҢ МЕРЕЙТОЙЫНА ОРАЙ ТАҒЫЛЫМДЫ КЕШ ӨТТІ

Биыл халық ақыны, жыршы, жырау Көпбай Әлімбетовтің дүниеге келгеніне 120 жыл толып отыр. Осынау мерейтойға орай шаһарда «Көпбай ақын: жасын жыр, саф алтындай сөз иесі» атты тағылымды кеш өтті. Іс-шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, зиялы қауым өкілдері, белгілі ақын-жазушылар қатысты.

Іс-шарада ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Мақсат Толықбай, Ринат Зайытов халық ақынының ауыз әдебетіндегі орнына тоқталып, мәжіліс депутаттарының құттықтауын жеткізді.

Қазақтың даласын ән мен жырға бөлеп, шығармашылығын өскелең ұрпаққа қалдырған тұлғалардың бірі Көпбай Әлімбетов еді. Мәжіліс депутаттары Көпбай Әлімбетов ұлттық әдебиетіміздің қазынасы екенін, оның есімі халқымызбен бірге жасай беретінін атап өтті.

Кештің арнайы қонағы - ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Бақыт Беделханұлы да жиынның маңызы өте зор екенін айтты.

-Біздің тамырымыздан басталатын тағылымды тарихымыз бар. Ол - ауыз әдебиеті. Ауыз әдебиетінің асылдары - ақындар, жыршылар, жыраулар. Солардың ұлылығымен, даналығымен алты алаштың рухы әлі бойында тұр. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Оңтүстіктен бір топ ақын шықты. Соның бірі Көпбай Әлімбетов еді. Қазіргі жаһандану кезеңінде бізге тамырымызға тағзым етіп, иілу керек. Жемісі бар ағаш тамырына қарай иіледі. Сол себептен бүгінгі ұлттық дәстүрді дәріптеген іс-шараның маңызы зор. Бүгінгі кеш талай ұрпаққа тағылым береді деп сенемін, - деді Бақыт Беделханұлы.

Шығармашылық кеште халық ақынының өлеңдері оқылып, дәстүрлі өнеріміз паш етілді. Сонымен қатар, “Шымкент концерт” концерттік ұйымының өнерпаздары ән мен жырдан шашу шашты.

«Шымкент келбеті»