Шымкентте шахматтан жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасы чемпионатының жеңімпаздары белгілі болды, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Чемпионатқа 8-18 жас аралығындағы жасөспірімдердің зияткерлік сайысына кіл үздіктер қатысты. Жарыс барлық қауіпсіздік шарасын сақтай отырып ұйымдастырылды.
Бәсекеге толы болған жарыста Шымкент қаласынан Зейнеп Сұлтанбек (18 жасқа дейінгі қыздар арасында), Аяулым Қалдарова (14 жасқа дейінгі қыздар арасында) I орынды жеңіп алды.
Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов жасөспірімдер арасындағы ел біріншілігінде үздік шыққан жеңімпаздарды қабылдап, қаржылай жүлдемен марапаттады.
–Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында қаламызда жасөспірімдер арасында республикалық деңгейдегі шахмат турнирі бірінші рет өткізілді. Осы онкүндікте балалар мол тәжірбие жинап, жаңа орта қалыптастырды деп ойлаймын. Шымкент қаласында шахматтың қарқынды дамуына барлық мүмкіндіктер бар. Қала мектептерінде шахмат арнайы пән ретінде енгізілді. Оқушылар арасында шахмат турнирі үшінші мәрте өткізіліп отыр.Сіздердің талаптарыңыздың арқасында көптеген жастарымыз жігерленеді. Алдағы уақытта әлем біріншіліктерінде үздік болатындарыңызға сенемін, - деді қала әкімі өз құттықтауында.
М.Әйтеновке күрделі кезеңде ел біріншілігін өткізуге қолдау көрсеткені үшін Қазақстан шахмат федерациясының директоры Ануар Исмағамбетов өз ризашылығын білідіріп, алғыс айтты.
Кездесу барысында қала әкімі алдағы уақытта қалада шахмат клубтарының желісін қалыптастыру, осы ойын түрінен түрлі деңгейдегі сайыстар өткізу жоспарланып отырғанын жеткізді.
Айта кетсек, жеңімпаздар әлем және Азия чемпионатында ел намысын қорғайды.