ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БІРІНШІ ВИЦЕ-МИНИСТРІ ҚАЛА ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БІРІНШІ ВИЦЕ-МИНИСТРІ ҚАЛА ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы базасында қала халқымен кездесіп, тұрғындардың мәселелерін тыңдады. Денсаулық сақтау бірінші вице-министрінің жұмыс сапары аясында халықпен кездесулер, азаматтарды жеке қабылдау және БАҚ өкілдеріне баспасөз-брифинг өткізу жоспарланған.

Т.Сұлтанғазиев қала тұрғындарымен кездесуде медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін күшейту, қоғамдағы дәрігерлер мәртебесін нығайту, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді жақсарту, кадр саясаты бағытындағы жұмыстардан хабардар етті. Қазіргі уақытта халыққа медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін жақсарту үшін денсаулық сақтау жүйесінде жаңғыртуға бағытталған жұмыстар жүргізілуде. 21 нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізілген болатын.

Биыл наурыз айынан бастап елімізде «Бір күндік клиника» жобасы ашылған еді. Шымкент қаласындағы перинаталдық орталықта да осы жоба іске асырылды. Жаңа жүйе жүкті әйелдерді толығымен ультра-дыбыстық зерттеулерден өткізуді бір күнде, бір жерден қамтамасыз етуді мақсат еткен.

Сондай-ақ, Тимур Сламжанұлы денсаулық сақтау саласындағы медициналық ұйымдардың қаржылық тұрақтылығын нығайту, кадрлық тапшылықты азайту үшін қосымша ынталандыру шаралары, тағы басқа өзгерістерге тоқталды.

Жиында қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков 2024 жылы 7 айда атқарылған жұмыстарды және цифрландыру бағытындағы оң өзгерістерді баяндады.

Халықпен кездесуден кейін Тимур Сұлтанғазиев жергілікті БАҚ өкілдеріне баспасөз брифингін өткізді. Онда МӘМС жүйесін жақсарту, емханаларды медициналық техникамен жарақтандыру, емханаларда кезектер санын азайту және тағы басқа мәселелер бойынша қойылған сауалдарға жауап берді.

Одан әрі қарай бірінші вице-министр азаматтарды жеке қабылдап, мәселелерін тыңдады.

«Шымкент келбеті»