ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Шымкентке іссапармен келді. Арнайы жиын жергілікті депутаттармен, қоғам өкілдерімен ашық, бейресми сұхбат форматында өтті. Шымкенттің шоқтығы биік екенін айтқан лауазым иесі мегаполистің ел дамуына қосар үлесі зор екенін жеткізді.
Мәулен Әшімбаев еліміздегі елеулі өзгерістер туралы айтты. Өткен аптада Парламент 8-шақырылымының 2-сессиясын қорытындылады. Сессия барысында 102 заң қабылданды. Барлық жоба азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, елімізді дамытуға арналды. Оның ішінде, әйел мен бала құқығын қорғау, адам саудасының жолын кесуге байланысты заңдар бар. Лудомания, масс-медиа, бизнесті дамыту мәселелеріне қатысты құжаттар да қабылданды. Жылу энергетикасы туралы дербес жаңа заң жасалды. 4 үкімет сағаты, 50-ге жуық көшпелі отырыс, 100-ден аса дөңгелек үстел ұйымдастырылған. Сессия барысында 200-ге жуық депутаттық сауал жолданған. Сенат төрағасы Шымкенттің әкімі Ғабит Сыздықбековтің шаһар дамуында қарқынды жұмыс атқарып жатқанын жасырмады. Аз уақыттың ішінде қалада өзгеріс бар екенін байқаған. Қалада өңдеу өнеркәсібінің дамып келе жатқанын айтты. Құрылыс, әлеуметтік сала, экономика да өз деңгейінде. Дегенмен «Шымкентте жедел шешуді қажет ететін маңызды мәселелер бар. Бұл, ең алдымен, Мемлекет басшысының тапсырмасымен халықаралық сауда-логистикалық орталығын салуға қатысты екенін атап өткен жөн. Батыс айналма жолын және басқа да бағыттардағы жолдарды салу да негізгі міндет. Шымкент үшін мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалту орталығының құрылысы да өзекті. Сондықтан алдағы сессияда республика бюджетін қараған кезде сенаторлар аталған басымдықтарды және мәслихат депутаттарының ұсыныстарын назарға алады», – деді Мәулен Әшімбаев.
«Шымкент келбеті»