КӨРКЕМ ГИМНАСТИКАДАН ҚР КУБОГЫ МЕН ЧЕМПИОНАТЫ БАСТАЛДЫ

КӨРКЕМ ГИМНАСТИКАДАН ҚР КУБОГЫ МЕН ЧЕМПИОНАТЫ БАСТАЛДЫ

Шымкент қаласында көркем гимнастикадан жастар мен ересектер арасында Қазақстан Республикасының Кубогы мен Чемпионаты өтіп жатыр. 15-18 қазан күндері аралығына жоспарланған сайысқа Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан, еліміздің барлық өңірінен жалпы 19 команда келген.

Қазақстан Республикасының Кубогы мен Чемпионатында 300-ден аса спортшы екі жас ерекшелік бойынша жекелей және көпсайыс түрінен бақ сынайды. Аталған жарыстың маңызы жоғары. Себебі, ел кубогының және чемпионаттың жеңімпаз, жүлдегерлері алдағы жауапты бәсекелерде ел намысын қорғайды.

Дәстүрлі түрде Шымкент қаласында ұйымдастырылған маңызды чемпионаттың салтанатты түрде ашылу рәсімі өтті. Іс-шараға Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, Қазақстан Гимнастика федерациясының Президенті Әлия Юсупова, қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ермек Дәрменов қатысты. Қала әкімі көпшілікпен бірге ел чемпионатын тамашалап, ұйымдастырушыларға сәтілік тіледі.

– Шымкентте ҚР чемпионаты мен кубогын өткізуге барлық жағдай бар. Сондықтан да, аталған чемпионат жыл сайын бізде өтіп жатыр. Келесі жылы еліміз үшін маңызды спорттық дода – Жазғы Азия ойындары. Соған қазірден бастап дайындық жүргізілуде. Өздеріңіз білесіздер, әр Олимпиада ойындарына көркем гимнасшылар қатысып келеді. Біз осы дәстүрді жоғалтып алмауымыз керек.Азия ойындарында да жеңісті жолды жалғастыру басты назарда тұр, – дейді Әлия Мақсұтқызы.

Айта кетсек, бүгінгі таңда қалалық көркем гимнастика спорт мектебінде 42 жаттықтырушы-хореографтар құрамы 400-ден аса балаға оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізуде. Осы спорт түрінен дарынды жастар, тәжірибелі спортшылар қаламыздың атынан әлемдік аренада танылды. Сабина Әшірбаева, Эльжана Таниева Олимпиада ойындарында бақ сынады. Токио олимпиадасының қатысушысы Алина Әділханова Азия Ойындарының жеңімпазы атанды.

«Шымкент келбеті»