ҚУАТТЫ ӨҢІРЛЕР – ҚУАТТЫ ҰЛТ: БІРЕГЕЙЛІГІМІЗДІҢ ӨЗЕГІ

ҚУАТТЫ ӨҢІРЛЕР – ҚУАТТЫ ҰЛТ: БІРЕГЕЙЛІГІМІЗДІҢ ӨЗЕГІ

РЕФОРМАЛАРДЫҢ МӘНІ – 4:

ҚУАТТЫ ӨҢІРЛЕР – ҚУАТТЫ ҰЛТ

Елімізде қазір іске асырылып жатқан реформалар өзінің ауқымдылығымен ерекшеленеді. Шын мәнінде, қысқа мерзімде олар экономика мен саясаттан бастап бірегейлік мәселелеріне дейінгі ұлттық мүддені көздейтін барлық саланы қамтып үлгерді. Дегенмен әрбір жалпыұлттық реформаның мазмұнымен қатар, жүзеге асырылатын кеңістігі, яғни нақты орны болатыны белгілі. Ол орын – біртұтас елді құрайтын өңірлер екені анық. Себебі қолға алған реформалар қала мен ауылда тұратын халықтың мүддесі үшін, солардың күш-жігерімен өңірлерде жүргізіледі. Сондықтан Мемлекет басшысы жариялаған «Қуатты өңірлер – қуатты ұлт» қағидаты Қазақстан өзінің даму жолында табан тірейтін негіз болды және солай болып қала береді.

БІРЕГЕЙЛІГІМІЗДІҢ ӨЗЕГІ

Бұған дейінгі мақаламызда жаңғырған ұлттық бірегейлік Әділетті Қазақстанның негізгі өзегіне және қазіргі дағдарыс кезеңінде өзгерістерге серпін беретін қуат көзіне айналуы керек екенін айтқан едік. Бұл ретте ұлттық бірегейлік дегеніміз абстрактілі ұғым емес екенін айта кеткен жөн. Ол мыңдаған сағасы бар үлкен өзен сияқты, яғни бойына ойлай білетін, жоспар құратын, бала тәрбиелейтін, еліміздің әр түпкірінде тұрып, жұмыс істейтін адамдардың нақты ойын, арман-тілегін, тәжірибесі мен мінез-құлқын өзіне сіңіреді.

…Жалпы, біздің жеке бірегейлігіміз жас күнімізден қалыптасады. Оның негізі күнделікті күйбең тіршілікте жанға жылу сыйлайтын жарқын сәттерден құралады. Дәл осы бала шақта алған әсерлер кейінгі өмір жолымызға сәуле түсіріп, тұлға ретінде қалыптасуымызға ықпал етеді.

Мен жазғы демалысымды көбіне Алтай тауының бөктеріндегі Алмасай ауылында, нағашы жұртымда өткізетін едім. Күнде кешкісін өрістен қайтқан малды жайғап болған соң ауладағы ошаққа от жағылатын. Нағашы әжем ас әзірлеп, бәріміз дастарқан басына жиналушы едік. Кешкі астан кейін маздап жанған отты айнала отырып, ымырт үйірілген шаққа дейін әжеміздің әңгімесін тыңдайтынбыз. Ол кісі әңгіме айтудың шебері еді. Әсіресе, батырлар жыры, хикаяға толы дастандар, Қажымұқан балуан жайындағы деректер және ел басына күн туған қиын-қыстау кезең туралы оқиғалар есімде қалыпты. Шынтуайтына келгенде, әжемнің сол әңгімелерінен алған тағылым өмірлік азық болды десем, артық емес.

Сол кездегі жұлдызды түн, таудан ескен самал, жалындап жанған алау есімнен бір сәтке де шыққан емес. Тіпті, әжемнің өткен өмір, ата-бабамыздың ерлігі, аласапыран жылдар туралы айтқан әңгімелері мен жұмсақ даусы да әлі күнге дейін жадымда жаңғырып тұр.

Кемелденген шаққа жеткен қазіргі кезеңнен кейінгі уақытқа зер салар болсам, тұлға ретінде қалыптасуыма әсер еткен көп оқиғаның арасынан ауылда өткізген сол күндер мен түндерім мұхиттағы арал секілді ерекшеленіп тұрады. Олар – мені халқымның жан дүниесімен жалғап тұрған және бала күнімнің ең аяулы сәттерін көз алдыма әкелетін сағынышқа толы естеліктер.

…Кең-байтақ даламыздың әр бұрышындағы ауыл мен қалашық жай ғана «елді мекен» емес. Олар – біздің бірегейлігіміздің өзегі. Себебі жаһандық оқиғалармен қарбаласып жатқан орталықтан жырақта орналасқан дәл осы жерлерде ұрпақтан-ұрпаққа берілетін ұлттық код пен елдік қуат сақталған.

Ұлттық ерекшелігіміз де сол жерден тамыр тартады. Салтымыз бен ғұрпымыз, түптеп келгенде, даму бағдарымыз да ауылдан бастау алады. Ауыл – қазақы бірегейліктің қайнар көзі мен берік қамалы. Бұл жерде ұлттық рух тарихтың бір бөлшегіне айналмай, күнделікті тұрмыста көрініс тауып, елмен бірге жасап келеді.

Сондықтан халқымыздың мәдени және адамгершілік коды сақталған ауылмен байланыс бар кезде біз ұлт ретінде нығайып, ілгері жылжи береміз деп толық сеніммен айта аламыз.

Ал егер ауылды, ондағы тыныс-тіршілікті жоғалтатын болсақ, ұлттық рухпен арадағы нәзік байланысты да үземіз. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ауылды дамытуға, елді мекенде өмір сүру деңгейін жақсартуға, аймақтардың әлеуетін барынша ашуға және облыстар мен аудан тұрғындарын елдегі саяси және экономикалық жобаларға белсенді түрде тартуға бағытталған реформаларының мәні осындай ұстанымға табан тірейді.

СЫН-ҚАТЕРЛЕР МЕН ПРОБЛЕМАЛАР

Қазақстан әуел бастан-ақ қатаң орталықтандырылған басқару формасы бар біртұтас мемлекет ретінде қалыптасты. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы ахуал соны талап еткені белгілі. Өйткені жаңа ғана пайда болған елді номиналды түрде бекіткен қағаз жүзіндегі әкімшілік-құқықтық шешімдерге қауіп төндірген күштерді тоқтату қажет еді. Ол күштердің арасында сол кезде жергілікті сепаратизм ретінде танылғандар мен элиталық қысым да болды. Сондай-ақ тәуелсіздігін енді ғана алған мемлекетіміздің бұған дейін Кеңес Одағында транзиттік және шикізаттық ел ғана болып келгенінің де салдары айтарлықтай байқалып жатты.

Біз сөзбен айтқанда, қанаты қатая қоймаған мемлекет пен жаңадан қалыптасып жатқан дербес экономикаға әлемнің саяси картасында әлсіз контурмен ғана бедерленген елдің іргесін бекемдей түсетін, жұмыс істейтін институттары мен шешім қабылдайтын біртұтас вертикалі бар қуатты орталықтандырылған мемлекеттік жүйе қажет болды. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімдері мен саясаты да осыған бағытталған болатын.

Алайда өткен отыз жыл ішінде аяғына нық тұрған Қазақстан осы қатаң жүйемен біте қайнасып кетті. Тіпті, бұл жол тарихи рөлін атқарып қана қоймай, жаңа үрдістерге, жылдар бойы қалыптасқан өңірлік ерекшеліктерге сай алға жылжуға мүмкіндік бермей, дамуға кедергі келтіре бастады. Шамадан тыс орталықтандыру мен жергілікті ерекшеліктерді елемеуден туындаған теңгерімсіздік 2010 жылдарды аяғында экономикалық проблемалар мен әлеуметтік сын-қатер тудыра бастады. Соның салдарынан жоғары мінберлерде айтылып жүрген тұрақтылыққа қауіп төндірген жаңа шындық пайда болды.

Жаңа шындықтың басты ерекшелігі – өңірлер арасындағы экономикалық даму деңгейлеріндегі теңгерімнің болмауы, яғни тұрғындардың өмірі мен әл-ауқатындағы алшақтық.

Жан басына шаққандағы өңірлік жалпы өнім (ӨЖӨ) ресурстарға бай еліміздің батысындағы өңірлер мен оңтүстік және солтүстік аймақтардағы аграрлық облыстар арасында айтарлықтай алшақ болды. Егер Атырау облысында жан басына шаққандағы ӨЖӨ 21 млн теңгеден асса, Түркістан облысында бұл көрсеткіш 2 млн теңге шамасында болды, яғни алшақтық 10 есеге дейін жетті.

Мұнай мен газға бағдарланған батыс аймақтар елдің ІЖӨ-сіне айтарлықтай үлес қосты, ал оңтүстік, солтүстік және шығыс экономиканың әлсіз әртараптандырылуына байланысты тоқырауға ұшырады. Мұндай жағдай артта қалған облыстарды «даму тұзағына» түсіріп, төмен өнімділік салдарынан кедейлік пен жосықсыз көші-қон одан әрі үдей түсті.

Өңірлердің басым бөлігінің экономиканың бір-екі секторына ғана тәуелді болуы теңгерімсіздік себептерінің бірі екені анық. Бұл ахуал әлемдік бағалар құбылып тұрған шақта оларды одан әрі әлсіретті. Өңірлердің шикізатқа немесе субсидияланатын аграрлық секторға байланған экономикасын әртараптандырудың төмен деңгейі шикізаттан басқа саланың өсуіне тұсау болды. Қаржыландырудың жеткіліксіз және өткізу нарықтарына қолжетімділіктің шектеулі болуы шағын және орта бизнесті ынталандыруға кері әсерін тигізді. Бұл әлеуметтік проблемаларды шиеленістіре түсті. Осыған байланысты табыс төмендеп, кедейлік деңгейі жоғарылап, жастар ірі қалаларға ағылды.

Өңірлік билік те салықтық базаны ұлғайтуға мүдделі болмай, негізінен орталықтан берілетін субсидияларға қарап қалды.

Осы жерден тағы бір проблема туындады. Ол – инвестициялардың біркелкі болмауы және өңірлердің бюджетке тәуелділігі. Инвестициялар –елордаға, ірі қалаларға және өндіруші аймақтарға шоғырланып, кейбір өңірлер назардан тыс қалды. Салдарынан экономикалық және әлеуметтік алшақтық ұлғайды. Ресурс теңсіздігінің әсерінен өңірлер донорлар мен республикалық бюджеттен берілетін субвенцияларға тәуелді реципиенттер болып бөлінді.

Бұл жағдай орталыққа барынша тәуелді болып отырған аймақтардың басқару дербестігін және экономикалық өзін-өзі қамтамасыз етуін әлсіретті. Соның салдарынан жергілікті жерлерде бастамалар азайып, әр облыстың ерекшелігі мен табиғи артықшылықтарына байланысты даму әлеуеті төмендеп кетті.

Еліміздің территориясы кең болғанымен халық тығыздығы төмен екені белгілі. Осындай жағдайда инфрақұрылымның дамымауы да үлкен кедергі болды. Бұл, ең алдымен, көлік байланысына қатысты еді. Жолдардың саны мен сапасы өңірлердің экономикалық интеграциясында, сауда мен туризмде және қарапайым қатынаста қиындық тудырды.

Дүниежүзілік экономикалық форум сарапшыларының есептеріне сәйкес Қазақстан 2020 жылдардың басында жол инфрақұрылымының сапасы жағынан 119 елдің ішінде 90-орын алған.

Цифрлық алшақтық та тағы бір инфрақұрылымдық сын-қатерге айналды. Жылдамдығы жоғары интернеттің қолжетімсіз болуы себепті шалғай жерлерде цифрлық мемлекеттік қызметтерді алу ірі қалаларға қарағанда әлдеқайда қиын еді.

Экономикалық теңгерімсіздікпен бірге әлеуметтік салада және өмір сүру, әсіресе, ауылдағы өмір сүру сапасы бойынша теңгерімсіздік артты. Білім беру мен денсаулық сақтау қызметіне қол жеткізудегі алшақтық та айтарлықтай ұлғайды. Ауылдық және оңтүстік аудандарда кедейлік деңгейі өсіп, 2010 жылдардың аяғында халықтың 12 пайызын қамтыды. Ал ірі мегаполистерде бұл көрсеткіш 5 пайызға тең болатын.

Жалпы, экономикалық, қаржылық, адами және инфрақұрылымдық белсенділік екі ірі қала Астана мен Алматыда шоғырланды. Мұндай жағдай осы қалалар мен елдің басқа өңірлері арасында өмір сүру деңгейі, мүмкіндіктер, көрсетілетін қызметтер сапасы бойынша орасан зор алшақтық тудырды.

Соның салдарынан демографиялық және көші-қон мәселелері ушықты. Жастар білім, жұмыс іздеп және өмір сүру деңгейін арттыру үшін ауылдардан қалаларға, облыс орталықтарынан мегаполистерге ағылды. Нәтижесінде, миллионнан астам тұрғыны бар қалаларда көші-қон көрсеткіші бұрынғыдан да арта түсті. Мәселен, кейінгі жылдары Астана халқының саны 250-300 мың адамға көбейген. Осыған орай бүгінде халқының саны ресми түрде 1,5 миллион болып саналатын елорданың инфрақұрылымы күн сайын 2 миллионға жуық адамға қызмет көрсетуге мәжбүр.

Солтүстік аймақтар халықтың үдере көшуінен зардап шекті. Бұл демографияны, әлеуметтік инфрақұрылымды және экономикалық әлеуетті әлсіретті. Ал жер мен судың тапшылығы сезілетін, халық тығыз қоныстанған оңтүстікте туу деңгейі жоғары көрсеткішке жетіп, әлеуметтік шиеленіс күшейді.

Өңірлердің дамуындағы проблемалар мен сын-қатерлер бір-бірін одан әрі ушықтырып, 30 жыл ішінде қарама-қайшы жүйеге айналды. Сондықтан шегіне жеткен жекелеген мәселелерді басқаларынан бөлек шешу әрекеттері тұрақты нәтиже бермеді.

Сол себепті өңірлерді дамытудағы нақты жүйелі тәсіл Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың реформаторлық күн тәртібіндегі маңызды тармақтардың біріне айналды.

Басты қағидат: ондаған жыл бойы қордаланған проблемалардың тамырына бірден балта шаппай, ширатылған жіпті біртіндеп тарқату еді. Бұл – өрт сөндіргендей, қас-қағым сәтте нәтиже беретін дағдарыс-менеджмент емес, барлық деңгейде бүкіл проблеманы түп-тамырымен жоятын берік негізді жүйе құру деген сөз. Алысты көздеп, есептеп жасалған жүйелілік, ауқымдылық және кезеңділік Президент Тоқаевтың өңірлік реформасының үш алтын қазығы болды.

ЖҮЙЕЛІ ТӘСІЛ

Осы мақаланы жазған кезде Әділетті Қазақстан құрудың барлық жеті жылы ішіндегі әрбір бағыт, әрбір қадам, қойылған әрбір міндет әрдайым концептуалды көзқарас пен жүйелі жоспарлауға табан тірейтініне көз жеткіздім. Алдымен – тұжырымдама, жоспар, бағдарлама; содан кейін – түзету, нәтиже. Бұл тәсілді салалық жобаларға да, өңірлерді жалпы кешенді дамытуға да бірдей қолдануға болады.

Мемлекет басшысы 2020 жылдың қыркүйегінде-ақ жүйелі реформаларды қолға алып, теңгерімді аумақтық дамуды міндет етіп белгіледі. Бұл бағыт мемлекеттік басқарудың жаңа моделі мен жаһандық сын-қатер жағдайындағы экономикалық бағдардан кейін бірден бірінші кезектегі аса маңызды үш мәселені қамтиды.

Президентіміз бұл жерде жекелеген проблемаларды көрсетіп қана қоймай, елдің аумақтық және кеңістіктік дамуындағы тәсілдерді барынша қайта құру қажет екенін атап көрсетеді. Мемлекет басшысы экономикалық және мемлекеттік қызметтердің сапасы мен өмір сүру деңгейінің алшақтығы жағынан аймақтардың айырмашылықтарын мойындай отырып, өңірлік саясаттағы жаңа тәсілдің негізгі элементін айқындап берді. Ол – аумақтық дамуды Қазақстан өңірлерінің бәсекелестік артықшылықтарын ескере отырып құру.

Бұдан басқа, өңірді дамытудағы жаңа тәсіл басқарылатын урбанизация мүмкіндіктерін ашты, «көші-қон легінің» кезеңділігіне жағдай жасады. Бұл қадам ірі қалаларда халықтың тым көбеюіне жол бермеуге, әлеуметтік шиеленісті болдырмауға ықпал етті. Сонымен бірге ауылдың әлеуетін толық ашу стратегиялық маңызды міндет ретінде жарияланды.

Бір жылдан кейін, яғни 2021 жылы бұл тәсілдер «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауда толықтырылды. Мұнда өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы теңгерімсіздікті төмендетуге баса мән берілді. Бұдан басқа, Қасым-Жомарт Кемелұлы әкімдердің жергілікті бизнесті дамытуға мүдделі болуымен, инвестициялар ағыны мен салықтық базаны ұлғайтумен қатар жүретін өңірлердің қаржылық дербестігін арттыру мәселесін көтерді.

Мемлекет басшысы урбанизацияның орнықты трендін ескере отырып, Агломерацияларды дамыту туралы заң әзірлеуді тапсырды. Ол 2023 жылғы қаңтарда қабылданды. Президентіміз миллион тұрғыны бар қалалар жаһандық бәсекеге деген қабілеттің негізіне, ал облыс орталықтары өңірлердің өсу нүктесіне айналуы керек екенін атап көрсетті. Бұл ретте моноқалалардың одан әрі дамуына қатысты ойластырылған шешімдер қажет екені анық.

Елдің «ішкі байланысын» жақсарту үшін орталықты өңірлермен жалғайтын бірыңғай көлік желісін қалыптастыруды аяқтау және әрбір облыс үшін инфрақұрылымдық даму бағдарламаларын іске қосу тапсырылды.

Мемлекет басшысы осы тәсілдерді 2022 жылғы ақпанда өзінің Жарлығымен қабылданған 2025 жылға дейінгі аумақтық даму жоспарында бекітуді тапсырды. Жоспар өңірлерді кешенді дамытуға, халықтың өмір сүру сапасы мен деңгейін көтеруге, мүмкіндіктерді ашуға және әрбір өңірдің бәсекедегі артықшылығын ескере отырып, жаңа «өсу нүктелерін» қамтамасыз етуге бағытталды.

Аумақтық даму жоспары 30 жыл ішінде қалыптасқан теңгерімсіздікті жоюға бағытталған өңірлік реформалардың жалпы бағытын айқындаған маңызды стратегиялық бағдар болды. Жоспарды іске асырған жылдарда Қазақстан халқы 780 мың адамға көбейіп, 19,5 миллионнан 20,3 миллионға жетті. Күтілетін өмір сүру ұзақтығы – 70,4 жастан 75,4 жасқа дейін, урбанизация деңгейі 2020 жылғы 59 пайыздан 2025 жылы 63 пайызға дейін ұлғайды. Жан басына шаққандағы ЖІӨ 9,1 мың АҚШ долларынан 14,7 мың АҚШ долларына дейін өсті.

2025 жылғы тамызда Жоспардың орнына тың тәжірибе мен осы уақытта қалыптасқан жағдайды ескере отырып, 2030 жылға дейінгі Қазақстанның өңірді дамыту тұжырымдамасы қабылданды.

Мәулен ӘШІМБАЕВ,

ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы