Бүгінде ел азаматтарының 37 пайызға жуығы немесе шамамен 7,5 млн адам ауылда тұрады. Алайда жыл сайын ауыл халқының да, ауылдардың да саны азайып келе жатқаны белгілі. Мұны жаман деуге де, жақсы деуге де болмас, бұл – елдің дамуы мен ондағы ауыл халқының үлесі арасындағы арақатынастың объективті көрінісі ғана.
Бұл арақатынастың мәні мынадай: елдің экономикалық, әлеуметтік және технологиялық даму деңгейі артқан сайын, ауыл халқының да үлесі соғұрлым азая түседі. Бұл екі өзара байланысты үдерістің нәтижесі – экономикалық өсіммен қатар жүретін урбанизация + еңбек күшіне сұранысты төмендететін ауыл шаруашылығын механикаландыру. Аталған заңдылық ауыл тұрғындары санының табысқа тікелей тәуелділігінен айқын көрінеді: жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім неғұрлым жоғары болса, ауыл тұрғындарының үлесі соғұрлым аз болады.
Еліміздегі осы екі көрсеткішті көршілерімізбен және әлемдегі ең дамыған экономика иесі саналатын АҚШ-пен салыстырып көрейік. АҚШ-та ауыл халқының үлесі шамамен 16,5 пайыз, ал жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 85 810 долларға тең. Аталған көрсеткіш Ресейде – 26 пайыз және 14 889 доллар, Қытайда – 34,5 пайыз және 13 303 доллар, Қазақстанда – 37 пайыз және 14 445 доллар, Өзбекстанда – 49,4 пайыз және 3 162 доллар. Мұнда екі полюс – ауыл халқының үлесі шамалы АҚШ және жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімі төмен, тұрғындарының жартысына жуығы ауылдарда тұратын Өзбекстан көрсетілген. Бұл табыс деңгейі төмен болған сайын, ауылда тұратын халық саны көп болады деген модельді растайды.
Алайда осы үрдістің объективті сипатына қарамастан, ауыл айрықша қолдауды және дамытуды қажет етеді. Ауыл тұрғындарының барлық заманауи өмір сапасына сай жағдайларын жасап, олардың өмір сүру деңгейіндегі алшақтықты азайту керек. Ауыл әрдайым халқымыздың рухани тірегі мен алтын бесігі болды және солай болып қала береді. Ол халықтың ішкі жан дүниесі мен өзіндік ерекшелігін айқындайды және оның жоғалуы қалыптасып келе жатқан ұлттың түпкі мүддесіне ауыр соққы болары сөзсіз.
Осы тұрғыдан алғанда, Мемлекет басшысының ауыл мен ауыл-аймақтарды дамыту жөніндегі бастамалары тек экономикалық немесе әлеуметтік бағытты қамтымайды. Олардың ішкі пайымы, сайып келгенде, мемлекетті мемлекет ететін негізгі құндылық – ұлттық бірегейлігімізді сақтау әрі нығайтуды көздейді.
Сондықтан Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сайлаудан кейін, 2022 жылғы 26 қарашада қол қойған алғашқы Жарлығы Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы құжат болды. Мемлекет басшысы ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде: «Менің сайлауалды бағдарламамда ауылды дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Қазіргі таңда азаматтарымыздың 40 пайызға жуығы ауылдық жерде тұрады. Халқымыз «Ауыл – ел бесігі» деп босқа айтпаған. Сондықтан ауыл тұрғындарының тұрмыс жағдайын жақсарту – біз үшін абыройлы іс», – деп атап көрсетті.
Тұжырымдаманы іске асыру үшін жұмыс құралы ретінде әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған «Ауыл – ел бесігі» (2019) бағдарламасы енгізілді. 2027 жылға қарай даму әлеуеті анағұрлым жоғары 3 500 ауылда тұратын 7 миллион ауыл тұрғыны үшін негізгі көрсетілетін қызметтер мен инфрақұрылымның заманауи деңгейі қамтамасыз етіледі. Соның аясында жаңа мектептер мен медициналық мекемелердің бой көтеруі, мәдениет және спорт нысандарының ашылуы, ауылда жолдардың салынуы, сумен және электрмен қамтамасыз ету, жылдамдығы жоғары интернет тарту, халыққа қызмет көрсету орталықтарын ашу сияқты іс-шаралар қолға алынады.
Ауыл тұрғындарының табысын агроөнеркәсіптік өндірісті, кәсіпкерлікті және ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту арқылы көбейту жоспарда бар. Шағын шаруашылықтарды біріктіру фермерлерге жерді, ауыл шаруашылығы техникасын, суару жүйелерін бірлесіп пайдалану есебінен шығынды азайтуға және өнім көлемін арттыруға, делдалсыз тұрақты өткізуді жолға қоюға мүмкіндік береді. Бұл жерде жеңілдетілген шағын несиелер мен лизингке техника беру арқылы ауылда шағын бизнесті және кооперацияны дамытуға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы (2023) маңызды тетіктің біріне айналды.
Тұжырымдаманы іске асыру қорытындысы бойынша табысы ең төмен күнкөріс деңгейінен аз адамдардың үлесі – 5,8 пайызға дейін, жұмыссыздық4,2 пайызға дейін төмендемек. Сумен қамту – 100 пайызға, интернет тарту – 97 пайызға, жергілікті жолдардың қалыпты жағдайы 95 пайызға жетеді деп жоспарланған.
Ауылды дамыту мен оның мәселелерін шешу тек аграрлық сектордың тиімділігін арттыру емес. Бұл – қазақ халқының мәдени бірегейлігін сақтау мәселесі. Жүйелі реформалардың арқасында біз ұлт бесігін жаңғыртып, ауылды өмір сүруге және батыл бастамаларды жүзеге асыруға қолайлы мекенге айналдырамыз.
SUCCESS STORY
…Бірде Орал қаласында жастармен кездескен кезімде мені бір қыздың өмір жолын таңдау туралы әңгімесі таңғалдырды. Шәрипа Базарбаева Астанада журналист мамандығы бойынша білім алып, туған қаласында жергілікті телеарнаға жұмысқа орналасады. Тұрмыс құрады. Бірақ бір сәтте өміріне мән беретін ең маңызды нәрсені уысынан шығарып алғандай сезім пайда болады. Ойлана келе жас жұбайлар «қырға кету», шалғай жерге бару, фермерлік шаруашылықпен айналысып, өз қолдарымен тапқан табыспен өмір сүру туралы шешім қабылдайды.
Қазір олар туған жердің қасиетін бойына сіңіріп, өз ісін дөңгелетіп, мал шаруашылығымен айналысып, мағыналы өмір сүріп отыр. Алған білімі де пайдаға жараған. Шәрипа Instagram-да блог жүргізіп, ауыл өмірі жайында рилстер жариялайды. Оның мұндай контенттері ауыл тіршілігінен алыс мыңдаған адамның қызығушылығын тудырып, көпшіліктің назарын аударды.
Бұл – стереотиптерді бұзу және ауылға деген жаңа көзқарастың қалыптасуы туралы оқиға. Ауыл жайлы өмір сүруге, жақсы жұмыс істеуге және бақытты ұрпақ өсіруге болатын тамаша орын екенін дәлелдейді.
Сондай-ақ бұл – болашақ туралы оқиға. Ауыл мен шалғай елді мекендер бастамашыл әрі батыл адамдар үшін өзін-өзі қамтамасыз ете алатын орталыққа айналатыны туралы нақты мысал. Мұнда, бұрынғыдай, ғасырлар бойы қалыптасқан халықтың шынайы құндылықтары жаңа сипатта жаңғырып, мән-мағынасын жоғалтпай, ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, жалғаса береді.
Ауылдың шынайы дамуы – тек экономикалық, әлеуметтік немесе инфрақұрылымдық мәселелерді шешумен шектелмейді. Адам өмірі үшін аса маңызды осы материалдық негіздердің артында тағы бір, материалдық емес ең басты құндылық тұр. Ол – біздің ұлттық бірегейлігімізді қалыптастыратын рухани бастауларды сақтау. Дәл осы рухани негіздер ХХІ ғасырда ұлттың жаңғыруы мен өрлеуінің берік кепілі болмақ.
Бұл қиялдан туған құрғақ сөз де, «патриоттық» тұмар да емес. Жоқ. Бұл – 20 миллион «Мен» деген дауысты біртұтас «Біз» деген үнге біріктіретін жазылмаған ереже, құндылықтар, әдеп нормалары мен мәдени парадигмалар кодексі іспеттес шындық.
Ауыл біздің бірегейлігімізді бекемдейтін, ұлттың сыртқы ортамен араласып кетуіне жол бермей, аласапыранға қарсы тұратын күш болып қала бермек.
Көпшілік пікірге қарамастан, бұл кертартпа күш емес, ілгерілеу күші екенін үнемі назарда ұстауымыз керек. Мұндай күш Кеңес заманында шалғай ауылдардағы ата-әжелеріміз бен ата-аналарымызды білім мен табыс жолына жетеледі. Ондаған жылдан кейін осы күш мыңдаған жасқа 86-ның қаһарлы желтоқсанында бас көтертіп, Тәуелсіздікке жеткізді, егемен еліміздің іргетасын қалады.
Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Әділетті Қазақстан құру жолындағы реформалары – осы күшке жетелейтін қадам. Ол – қуатты өңірлерден мықты ұлт болашағына бастайтын қарышты қадам.
Мәулен ӘШІМБАЕВ,
ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы