​ҚУАТТЫ ӨҢІРЛЕР – ҚУАТТЫ ҰЛТ: ОРТАЛЫҚСЫЗДАНДЫРУ

​ҚУАТТЫ ӨҢІРЛЕР – ҚУАТТЫ ҰЛТ: ОРТАЛЫҚСЫЗДАНДЫРУ

Президенттің орталықтан бөліп шығаруға және өңірлерге барынша дербестік беруге арналған бағдары реформалардың негізгі, тіпті мәні жағынан ең революциялық бағытына айналды. Тарихымызда алғаш рет орталық билік өкілеттіктермен бөлісу және басқару тетіктерін экономикалық жағынан ғана емес, саяси тұрғыдан да өңірлердің қолына беру жөнінде шешім қабылдады.

Шала шешімдер қабылдамау үшін революция эволюциялық жолмен іске асырылатыны белгілі. 2021 жылғы шілдеден бастап ауыл, кент және ауылдық округ әкімдерін тікелей сайлау бойынша пилоттық жоба басталды. Нәтижесінде, 2023 жылғы тамызға дейін 1 668 әкім сайланды, олардың 57 пайызы негізінен қырықтың қырқасына шыққан жаңа есімдер болды. Атап айтқанда, олар сол жердегі мәселелерді жақсы білетін мұғалімдер мен дәрігерлер, фермерлер мен кәсіпкерлер және кәсіпорын басшылары еді.

Келесі кезеңде, 2023 жылғы қарашада 42 ауданда және 3 өңірлік маңызы бар қалада аудан және қала әкімдерінің пилоттық сайлауы өтті. Дауыс берушілердің 63 пайызы қатысқан сол қызу науқанды көпшілік ұмытпаған да болар. Себебі ол кезде бұрын-соңды болмаған белсенділік байқалып, сайлауға түсуге 250-ге жуық адам өтініш берген болатын.

Пилоттық сайлау өзінің тиімді екенін көрсетті және бүкіл ел бойынша аудан әкімдерін сайлау процесін өткізуге түрткі болды. 2025 жылға қарай аудан әкімдері 100 пайыз өз жерінен сайланатын болды. Оның ауқымы одан әрі де тереңдей түспек. Мемлекет басшысы 2024 жылғы Жолдауында 2025 жылдан бастап облыстық маңызы бар қала әкімдерін тікелей сайлау жүйесіне көшу туралы түбегейлі шешімді жариялады. Жаңа жүйе бойынша алғашқы сайлау биылғы қазанда Семейде өтті.

«Кім сайласа, соның алдында есеп беру» деген ұмытылған, тіпті таныс емес қағидат өңірлерде алғашқы қадамын жасады. Бұл өз кезегінде Қазақстанның ілгерілеуіне тың серпін болмақ.

Алайда бюджеттік қатынастардың біржақты жүйесінің тежеуі салдарынан өңірлердің өзін-өзі қамтамасыз етуінің негізгі тірегі – қаржыны бір орталыққа шоғырландырмау әлі күнге дейін қарқын ала алмай келеді.

Иә, 2019 жылдан бастап аймақ бюджеттеріне түскен салық 2,4 трлн теңгеден 2024 жылы 7,4 трлн теңгеге дейін үш есе өсті. Дегенмен республикалық бюджеттен субвенциялар да осындай қарқынмен ұлғайып, 2024 жылы 5,3 трлн теңгеге жетті. Ал нысаналы трансферттермен бірге олар жергілікті бюджеттердің кіріс бөлігінің 7,3 трлн теңгесін құрады.

Орташа алғанда, ел бойынша өңірлердің орталыққа тәуелділігі шамамен 50, ал кей жерлерде 70 пайыздан асты. Бұл ретте өңірлердің өз кірісі 17-23 пайыздан аспайды. Жағдай тығырыққа тірелді: бюджетке масыл болғаны үшін ешкім жауап бермейді. Еш қиналмай кепілдендірілген трансферттерді алып отырған өңірлерге экономикалық тәуелсіздік алу үшін жанталасудың тіптен керегі жоқ.

Осы тығырықтан шығу үшін Мемлекет басшысының бастамасымен Қазақстанда, бір жағынан, өңірлердің бюджеттік дербестігін ынталандыруға, екінші жағынан, олардың жауапкершілігін күшейтуге бағытталған бюджетаралық қатынастарды ауқымды өзгерту іске асырылып жатыр. Өзгерістердің бір бөлігі жаңа Бюджет кодексіне де енгізілді. Реформалар бюджет деңгейлері арасында трансферттерді бөлу жүйесін қайта құруға арналған.

Енді, 2026 жылдан бастап республикалық бюджеттен бөлінетін жалпы сипаттағы трансферттер өңірлік стандарттар жүйесінің (ӨСЖ) көрсеткіштеріне байланысты болады. Өңірлер осы қаражат шеңберінде әлеуметтік нысандарды, көлікті, жолдарды, коммуникацияларды, тұрмыстық қызмет көрсетуді және демалысты қоса алғанда, инфрақұрылымды 12 бағытта теңестіруге міндеттеледі. Бұл ретте әлсіз дамыған өңірлер орташа көрсеткіштерге жету үшін көбірек қаржы алады. Жаңа тәсіл бюджетті ұтымды бөлумен қатар, өңірлер арасында және өңірлер ішінде инфрақұрылымға қол жеткізудегі алшақтықты азайтады. Сондай-ақ елді мекендерді дамытуды тиімді жоспарлауға мүмкіндік береді.

Өңірдегі бағдарламаларды іске асыруға берілетін мақсатты трансферттерге келетін болсақ, мұнда жоғары әлеуметтік-экономикалық әсер беретін, құны айтарлықтай деңгейдегі аса маңызды нысандар мен ұлттық мәнге ие жобаларды ғана қаржыландыру сақталады. Базалық инфрақұрылымды дамыту жөніндегі өңірлік жобалар (сумен қамтамасыз ету, газдандыру, жолдарды жөндеу, ТКШ және т.б.) енді өңірлердің үш жылдық инвестиция жоспарына енгізіледі және жергілікті бюджет есебінен немесе ӨСЖ көрсеткіштеріне байланысты жалпы сипаттағы трансферттер арқылы жабылады.

Реформалардың тағы бір мақсаты – жергілікті бюджеттердің кірісін көбейту. Сол үшін бизнестен түсетін салықтардың көп бөлігін өңірлерде қалдыру жоспарда бар. Бұған дейін ұзақ уақыт бойы аудан әкімдерінің өз бюджеті болмағаны және олардың облысқа толықтай тәуелді болғаны белгілі. Енді жаңа Бюджет кодексі бойынша шағын және орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығы аудандық бюджеттерге беріледі. Бұл мәселе жеке табыс салығына да қатысты екенін атап өткен жөн. Мұндай шара аудан әкімдіктерінің қаржылық мүмкіндіктерін нығайтады. Облыстардың кірістерінің 70 пайызы аудандық бюджеттерге және облыстық маңызы бар қалалардың бюджеттеріне шоғырланатын болады. Бұл әкімдерді кіріс базасын ұлғайтуға ынталандырады.

Жаңа Бюджет кодексіне өңірдің салық әлеуеті жаңа көрсеткіш ретінде енгізілді. Ол жергілікті органдарды өз кірісінің өсуіне ынталандыруға тиіс. Бұл ретте сәтсіз кіріс жоспары үшін биліктің әрбір деңгейі жеке-жеке жауапкершілік арқалайды.

Осы ауқымды реформалардың нәтижесінде алдағы үш жылда өңірлердің қаржылық дербестігі айтарлықтай өседі деген сенім бар. Жергілікті бюджеттердің республикалық бюджетке тәуелділігі орта есеппен 50,7 пайыздан 33 пайызға дейін төмендейді. Ал өңірлердің кірісі 2026 жылғы 10,7 трлн теңгеден 2028 жылы 13,3 трлн теңгеге дейін, яғни 24,3 пайызға артады.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бір орталықтан алшақтатуға бағытталған реформалары бір реттік науқан емес, ол – Қазақстанның бүкіл мемлекеттік басқару жүйесін жан-жақты трансформациялауды көздейтін қадам. Қазірдің өзінде бюджетаралық салада нақты, шамалаған нәтижелерге қол жеткізе бастадық. Әрине, реформа дегеніміз – процесс. Десе де, бұл жолдағы өзгерістердің бағыты айқын белгіленген, яғни ол – бір орталыққа қатаң бағынған модельден нақты қаржылай тәуелсіз, өз дамуына өзі жауап беретін өңірлер моделіне дейінгі ауқымды үдеріс.

ЕЛДІҢ ҚАН АЙНАЛЫМ ЖҮЙЕСІ

Ел, мемлекет дегеніміз жекелеген өңірлер мен әкімшілік бірліктердің механикалық жиынтығы емес. Ол – біртұтас тірі ағза және оның жалпы өркендеуі әрбір органы мен жасушасының дамуына, әл-ауқатына байланысты болады. Ағза өмір сүріп, жетілуі үшін қан айналым жүйесі – заманауи инфрақұрылым, сапалы автомобиль жолдары мен теміржолдар қажет. Олар, біріншіден, адамдар мен тауарлардың еркін қозғалысын қамтамасыз ете отырып, елдің өңірлерін біртұтас жүйеге біріктіреді, екіншіден, құн жасаудың жаһандық тізбегіне кірігуіне жағдай жасайды.

Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында еліміздегі жалпы қолданыстағы көлік желісі КСРО-дан мұра болып қалған 14,5 мың шақырым теміржол мен 86,8 мың шақырым автомобиль жолы болды. Алайда олар бұрынғы саяси-экономикалық жүйенің мүддесіне сай салынғандықтан, басты магистральдар меридиан бағытымен орналасқан еді. Сондықтан Қазақстанның өңірлері арасындағы ішкі байланыс дамымай қалды. Сонымен қатар 90-жылдары жаңадан құрылған ел енді еңсесін тіктеп, өмір сүру үшін күресіп жатқанда, ескірген технологиямен салынған жүздеген шақырым жолға тиісті күтім жасалмай, біртіндеп жарамсыз бола бастады. Жаңа көлік артерияларын салу қарқыны экономиканың өсіп келе жатқан қажеттіліктеріне ілесе алмады.

Өңірлерді жаңа және жөнделген жолдар желісімен байланыстыру міндеті біртіндеп шешілді, бірақ олардың саны мен сапасы халық пен экономиканың қажеттіліктерін қанағаттандырмады. Көлік инфрақұрылымының лайықты деңгейі туралы берілген көптеген уәде, өкінішке қарай, тек сөз жүзінде немесе есептердегі цифрлар күйінде қалды.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың реформалары экономикалық өсу мен әлеуметтік тұрақтылықтың маңызды факторы ретінде өңірлердің теңгерімді дамуы мен интеграциясына, елдің бірыңғай, тиімді көлік жүйесін құруға баса назар аудара отырып, бұл бағыттағы жұмысқа жаңа серпін берді. Әлемдегі тоғызыншы елдің ауқымды территориясын ескере отырып, өңірлердің көліктік байланысы президенттік саясат басымдықтарының біріне айналды.

Автомобиль жолдары саласында кейінгі алты жылда Орталық – Шығыс, Орталық – Оңтүстік, Талдықорған – Өскемен, Ақтөбе – Атырау – Астрахань және басқа да негізгі көлік дәліздерін қоса алғанда, республикалық маңызы бар 4,4 мың шақырымнан астам жол қайта жаңартылды. 2025 жылы жол құрылысы, қайта жаңарту және жөндеу жұмыстары 13 мың шақырымды қамтыды.

Президент тапсырмасымен қазір жалпы ұзындығы 890 шақырым болатын «Астана – Ырғыз» жаңа автомагистралін салу жұмысы басталып жатыр. Бұл жол Қорғас орта дәлізі мен Каспий теңізіндегі порттардың арасын жалғап, өңірлер байланысының маңызды тетігіне айналады. Жалпы, 2030 жылға дейін жаңа автожолдардың ұзындығы 4,7 мың шақырымға жетеді. Оның 3,7 мың шақырымы І санаттағы жол екенін айта кеткен абзал.

Егер 2010 жылдан 2019 жылға дейін қатты жабыны бар жалпыға ортақ автомобиль жолдарының ұзындығы 1,3 пайызға қысқарса, 2019-дан 2024 жылға дейін ол 2,5 мың шақырымға немесе шамамен 3 пайызға ұлғайды. Осы орайда бұл жай ғана жолдар емес, ол елдің барлық ағзасын байланыстыратын толыққанды қан айналым жүйесі екенін айта кету керек.

Қазақстанның кең-байтақ аумағын байланыстыру үшін дәстүрлі түрде жүк тасымалының басты арнасы саналатын теміржолдар аса маңызды. Дегенмен 2010 жылдардың соңына қарай теміржол желілерінің жалпы ұзындығы 16 мың шақырым болды және олардың тозу деңгейі 57 пайызға жетті. Осыған байланысты 2029 жылға дейін 5 мың шақырым жолды салу және жаңғырту, 11 мың шақырымын жөндеу жоспарлануда. Бұл теміржол желісінің негізгі учаскелерінің өткізу қабілетін еселеп көбейтеді, пойыз қозғалысының жылдамдығы мен қауіпсіздігін арттырады.

2025 жылғы 30 қыркүйекте Мемлекет басшысы ұзындығы 836 шақырым болатын «Достық – Мойынты» теміржол учаскесінің екінші желісін іске қосты. Ол Қытаймен екі теміржол шекара өткелінің бірі Алашаңқайға шығуға мүмкіндік береді. Осы ірі инфрақұрылымдық жоба өткізу қабілетін бес есе арттыруға және жүктердің өтуін 42 пайызға жеделдетуге мүмкіндік береді. Бұл Қазақстанды Еуропа-Қытай көлік дәлізінің негізгі буынына айналдырады.

Жақын арада Алматы айналма теміржолының құрылысы аяқталады, ал 2027 жылға қарай Дарбаза – Мақтарал тармағы іске қосылмақ. Бұл жобалар елдің транзиттік әлеуетін арттырумен қатар, өңірлердің жаңа өсу нүктесіне айналады. Сонымен қатар өңірлердің жеткізу тізбегіне қосылуына мүмкіндік береді.

Көлік әлеуетін тиімді іске асыру локомотив пен вагон паркін жаңартуды талап етеді. Қазір 2 мыңға жуық локомотив және 142 мыңға жуық жүк вагоны пайдаланылып келеді. 2029 жылға дейін 450-ден астам жаңа локомотив пен 7 мың вагонды пайдалануға беру жоспарда бар. Бұл тұрғыда Президенттер Қасым-Жомарт Тоқаев пен Дональд Трамп арасындағы уағдаластық бойынша америкалық локомотивтерді беруге және оларға қызмет көрсетуге арналған біздің тарихымыздағы АҚШ-пен арадағы ең ірі келісімшарт дер кезінде жасалған қадам болды. Америкалық көшбасшы келісімді тарихи деп атады: келісім үздік сипаттамалары бар 300 жүк локомотивін Қазақстанда өндіруді көздейді. АҚШ-тың сауда министрі Говард Латник бұл мәміле Еуропа мен Азия арасындағы көлік дәлізінің жалпы дамуына ықпал ететінін атап өтті.

Еліміз арқылы шығыстан батысқа және солтүстіктен оңтүстікке қарай өтетін трансқұрлықтық дәліздердің әлеуеттері өте зор. Қазақстан арқылы транзиттік ағын соңғы 10 жылда екі есеге артып, 27,4 млн тоннаға жетті, ал 2029 жылға қарай оны 67 млн тоннаға дейін ұлғайту жоспарда бар. Халықаралық логистикалық маршруттар өңірлерді даму үшін де маңызды. Қазірдің өзінде біз өңірлерде әлемдік деңгейдегі жаңа қойма терминалдарының ашылып жатқанын көріп отырмыз. Бұл – инфрақұрылымның өзгеше, жаңа деңгейі. Сондай-ақ облыстар мен аудандардың тұрғындары сезінетін «үлкен әлем тынысы».

Осы тұста бірнеше облыс арқылы екі тармақпен – Оңтүстік және Орталық Қазақстан арқылы Каспий жағалауындағы порттарға дейін өтетін Транскаспий халықаралық көлік бағытының маңызы зор. Мұхитқа шығу мүмкіндігі жоқ еліміз үшін бұл – «ұлы дала теңізі» арқылы өтетін мұхитаралық бағыттың баламасы. Бір кездері осы аумақтардың дамуына серпін берген, Шығыс пен Батысты байланыстырған Ұлы Жібек жолы сияқты Шығыс Азиядан Еуропаға дейінгі орта дәліз бүгінде өңірлерімізді әлемге және әлемді өңірлерге ашатын қақпа болып отыр.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ НЕЙРОН ЖЕЛІСІ

Егер көлік инфрақұрылымы өзінің тармақталуы мен функционалдығына қарай мемлекеттің қан айналым жүйесі болса, онда оған ұқсастырып, цифрлық инфрақұрылымды оның нейрон желісі деп айтуға болады. Шеткері аймақтарды қоса алғанда, бүкіл организмнің орталық жүйке жүйесімен байланысы жақсы болған сайын, ол соғұрлым өміршең келеді, әр жасушасымен цифрлық дәуірдегі ішкі және сыртқы ортаның қажеттілігі мен қиындығына жауап беруге қауқарлы болады.

Бұл жерде даму көшінен көз жазып қалуға болмайды. Ұшы-қиыры жоқ далада жатқан шалғай ауылмен бірге жаппай цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу бүгіннің өзінде ұлттың тиісті деңгейде дамуын қамтамасыз етіп, оны ертең нағыз бәсекеге қабілетті ел етеді.

Цифрландырудың «екінші толқыны» назарды мемлекеттік қызметтердің салыстырмалы тар сегментінен цифрлық теңсіздікті еңсеруге, цифрлық технологияларды күнделікті өмір мен экономикаға интеграциялауға аударды. Ол инфрақұрылымды, нормативтік базаны, цифрлық дағдыларды, стартаптар мен инновацияларды қамтиды. Басты мақсат – барлық өңірде, соның ішінде шалғайдағы ауылдардың тұрақты кеңжолақты интернетке қосылуды қамтамасыз ету.

Алайда шағын қалаларда, қала маңында және ауылдарда қолжетімділік арналары әбден ескірген. Мұнда негізінен ADSL технологиясы, яғни «мыс» телефон арналары арқылы 10 Мбит/сек жылдамдықпен беріледі. Кеңжолақты оптикалық-талшықты байланысқа қосылуды қамтамасыз ету ауылдық жерлерде – небәрі 18 пайыз, шағын қалаларда – 28 пайыз, ал ірі қалаларда – 44 пайыз.

Бұл ретте Қазақстан аумағы бойынша шашыраңқы орналасқан елді мекендер байланыс операторлары үшін экономикалық тұрғыда тартымды емес. Олар халық пен бизнес тығыз шоғырланған, халқы тығыз орналасқан қалаларға басымдық береді. Мұндай жағдайда кез келген елді мекендерден тыс жерлердегі ауылшаруашылық кәсіпорындарын немесе айдаладағы трассалар бойын интернетпен қамту туралы айтпаса да болады.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2023 жылғы қазанда қабылданған «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы цифрлық алшақтыққа берілген жүйелі жауап болды. Оның мақсаты – 2027 жылға қарай барлық елді мекеннің жылдамдығы кем дегенде 100 Мбит/сек болатын интернетке қол жеткізуіне жағдай жасау.

Үш мыңнан астам ауылда талшықты-оптикалық байланыс желілерін салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Шағын және орта байланыс операторларын қолдау арқылы 400 мың үй шаруашылығына жоғары жылдамдықты интернет жеткізілетін болды.

Шалғайлығына немесе географиялық орнының қиындығына қарай сымды интернетке қосу мүмкіндігі жоқ 500-ден астам ауылда ғарыштық байланыс жүйесінің ресурстары пайдаланылады. Мәселен, 2025 жылғы маусымда Цифрлық даму министрлігі мен Starlink компаниясы еліміздің аумағында спутниктік интернетті ресми түрде іске қосу туралы келісімге қол қойды. Бұл шалғай және жетуі қиын аудандарда цифрлық байланысты қамтамасыз етуге көмектеседі.

Республикалық және негізгі облыстық автожолдарды мобильді интернетпен қамту үшін 480-нен астам антенна-діңгекті құрылыстар салынады. Барлық республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарында 5G желілері таратылады.

Технологиялар дүниеге келіп, стартаптар дамитын және цифрлық дағдыларды үйретіп, білім беру жобаларын жетілдіретін кәсіби қауымдастықтар қалыптасатын кеңістіктерді, өңірлік хабтарды өркендету – Қазақстанның бүкіл аумағында цифрлық экожүйеге қол жеткізудің маңызды элементі болып отыр.

Қазір елордадағы Astana Hub-тан кейін технологиялық кәсіпкерлікті және цифрлық инфрақұрылымды дамыту үшін жұмыс істейтін 19 өңірлік IT-хаб ашылды. Бұл бастама – елді цифрлық трансформациялау тұрғысынан өңірлерді дарынды адамдар мен инвестициялар тарту орталығына айналдыратын болашақ экономикасына жасалған маңызды қадам.

АДАМ КАПИТАЛЫ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМ

Біз жас әрі тез өсіп келе жатқан ұлтпыз. 2023 жылы Қазақстан халқының саны 20 миллионнан асты. Бұл – жиынтық туу коэффициентінің өсуінің нәтижесі. 2020 жылы аталған көрсеткіш Тәуелсіздік алғалы бері ең жоғары деңгейге, 3,13-ке жетті. Ал ауылдарда ол 3,56 көрсеткішке дейін өсті. Басқаша айтқанда, еліміздегі бір отбасыға орта есеппен үш және одан да көп баладан келіп отыр.

Алайда туу көрсеткіші бойынша өңірлер арасында айтарлықтай айырмашылық бар. Бұл көрсеткіш елдің оңтүстігінде шырқау шыңына жетсе, солтүстікте құлдырап тұр. Ауыл мен шағын қалаларда инфрақұрылымның дамымауы салдарынан болған демографиялық алшақтық көші-қон үдерісінің бақылаусыз қалуымен күрделене түсті. Мемлекет басшысы атап өткендей, бұл жұрттың бәрі тұрғысы келетін ірі қалаларымыздың инфрақұрылымына орасан зор салмақ түсіріп отыр.

Мұндай жағдайда адамдардың өмірі мен дамуы үшін жергілікті жерлерде сапалы тұрғын үй мен заманауи әлеуметтік инфрақұрылымнан бастап қолжетімді білім беруге, денсаулық сақтауға және цифрлық қызметтерге дейін жайлы және қауіпсіз жағдай жасау аса маңызды. Халық санының өсуі және оның негізгі игіліктермен қамтамасыз етілу деңгейі бір-біріне сәйкес болуға тиіс.

Қазақстан – әлеуметтік мемлекет, біз үшін азаматтарымыздың әл-ауқаты бірінші орында. Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, жергілікті жерлерде әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бөлінген қомақты қаражат та – экономикаға салынған инвестиция. Ол тек адам капиталы арқылы жүзеге асырылатын жанама инвестиция түрі. Әлеуметтік саланы дұрыс қаржыландыру бұл – ең алдымен, ұзақмерзімді перспективада қайтарып алу үшін сауатты түрде салынған қаражат.

Қамқорлық пен қайырымдылық туралы камера алдында айтылған ұрандар емес, осындай салауатты мемлекеттік прагматизм ғана өңірлердегі адамдардың өмір сүру деңгейін көтеруге мүмкіндік беріп, оларға және бүкіл елге жарқын болашаққа деген үміт сыйлайды.

Осы тұрғыдан алғанда, әлеуметтік мемлекет жақсы ата-ана сияқты: ең алдымен, өз азаматтарының білімі мен денсаулығына қамқорлық жасайды.

2019 жылдан бастап өңірлерде 1 миллион оқушы орнына есептелген 1 200 жаңа мектеп салынды. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Ауылдық жерлерде 3 мыңнан астам мектеп жаңғыртылды, 100-ден астам үш ауысымды және апатты мектептер мәселелері шешілді. Сондай-ақ 200 мектепте орын тапшылығы жойылды. Сыбайлас жемқорлардан алынған қаражатты жинақтайтын Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының арқасында 74 заманауи мектеп ашылып, тағы 15 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Өңірлердегі мектеп реформасының басым бағыттарының бірі – тұрғылықты жеріне қарамастан, сапалы білім алуға тең қол жеткізу және оқыту үшін заманауи жағдайлар жасау.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2024-2025 жылдар аралығында 460 мың оқушы орнына арналған 217 мектеп салу жоспарланған болатын. Оның 40 пайыздан астамы ауылдық жерлерде бой көтермек. Олардың көпшілігі қазірдің өзінде салынып болды, тағы 41 мектептің құрылысы аяқталуға жақын. Бұл жай ғана жаңа ғимараттар емес. Олар – балалар заманауи талаптарға сай жағдайда оқуға мүмкіндік алатын жаңа өсу нүктелері.

Мектеп инфрақұрылымының бірыңғай заманауи форматына көшудің келесі кезеңі қолданыстағы оқу орындарын реновациялау болмақ. Ол таяудағы үш жыл ішінде 1 200-ден астам мектепті қамтиды. Оның жартысынан көбі ауылдық мектептер екенін атап өткен жөн.

Мұнда сөз тек ғимарат тұрғызу, инженерлік желілерді тарту немесе мектеп аумағын абаттандыру жөнінде болып отырған жоқ. Жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізу, заманауи оқу кабинеттері, жаңа білім беру технологиялары сияқты мазмұндық жағына баса мән берілмек. Оның бәрі ауыл балаларына сапасы жағынан ірі қалалардың лицейлерінде оқудан кем түспейтін жағдайда білім алуға мүмкіндік береді.

Қазақстандағы мектеп қала мен ауыл арасындағы шекаралар жойылатын тең мүмкіндіктер кеңістігіне айналуға тиіс. Жақын арада білім берудегі өңірлік теңсіздік еңсеріледі. Ал әрбір бала тұрғылықты жеріне қарамастан, өзінің әлеуетін ашуға және елдің болашағына үлес қосуға мүмкіндік алады.

Қазір денсаулық сақтау жүйесінде де осындай үдеріс жүріп жатыр.

Қазақстанда денсаулық сақтау инфрақұрылымы 2010 жылдардың аяғында, коронавирус пандемиясының дәл алдында ілгері жылжымай, керісінше кері кетті. Бұл кері кету 1990 жылдардың ортасынан басталды, 2000 жылдардың ортасына қарай шамамен екі мыңнан бір мыңға дейін азайып қалды. Егер 1991 жылы медициналық мекемелер бірден 230,4 мың науқасты қабылдай алса, 2019 жылы тек 96,3 мың науқасты қабылдайтын мүмкіндігі болды.

Денсаулық сақтау саласына қаражат жеткіліксіз болған тоқсаныншы жылдар туралы айтпаса да түсінікті. Ал одан кейінгі жылдарда ойдан шығарылған қаржылық жағынан негіздеу мәселелері бірінші орынға шықты. Бұл тәсілдердің салдарын халық ауылды айтпағанда, елорданың өзінде орындар, жабдықтар, дәрі-дәрмектер жетіспеген пандемия кезінде қатты сезінді.

Пандемиядан алған сабақ бекер болған жоқ. Қазақстан медициналық инфрақұрылымды жан-жақты дамыту мен жаңартуды қолға алды. 2022 жылдан бастап бүкіл ел бойынша 927 денсаулық сақтау нысаны салынды. Ең бастысы – ауылға түбегейлі түрде көңіл бөліне бастады. 2022 жылдың қыркүйегінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің кезекті отырысында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын мақұлдады.

Ұлттық жоба аясында 655 медициналық нысанның құрылысы көзделген. Соның 596 амбулатория, фельдшерлік-акушерлік және медициналық пункттер пайдалануға берілді. 2025 жылдың соңына дейін қалған 59 бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету нысандарын ашу жоспарланып отыр. Сонымен қатар 32 көпсалалы орталық аудандық ауруханаларды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Барлық инфрақұрылым жарқын болашаққа бағытталып құрылуда. Бұл өңірлердегі медициналық қызметтердің сапасы түбегейлі жаңа деңгейге көтеріліп келеді дегенді білдіреді.

Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту – Қазақстанның болашағына салынған стратегиялық инвестиция. Оны табысты іске асыру шикізаттық экономикадан адами капиталға негізделген экономикаға көшуді жылдамдатады. Ол өмір сүру деңгейіндегі теңгерімсіздік мәселесін шешіп қана қоймай, алдағы онжылдықтарда өңірлердің орнықты дамуы, әлеуметтік тұрақтылығы мен экономикалық бәсекеге қабілеттілігі үшін негіз болады.

Мәулен ӘШІМБАЕВ,

ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы