Биыл ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың туғанына – 150 жыл. Осыған орай, Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрының ұйымдастыруымен «Қырық мысал – қырық мақал» көшпелі әдеби тіл керуені концерттік бағдарламасы «Shymkent Plaza» ойын‐сауық орталығында өтті.
Шараның басты мақсаты – батырлар жырларын бүгінгі жас ұрпаққа насихаттау, ұмыт қалған ескі мақал‐мәтелдерді халық жадында қайта жаңғырту.
– Пандемияның салдарынан театр мен көрермендердің арасындағы байланыс ажырап қалды. Бізге халық қойылымдарды көріп, әсер алу үшін келеді. Бұл жолы театр халықтың арасына өзі келді, – деді Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрының директоры Самат Алтаев.
Іс‐шараға театрдың 50‐ге жуық қызметкері атсалысты. А.Байтұрсыновтың құнды мұралары мен мысалдарын оқыған мектеп оқушылары да шараның шырайын келтірді.
– Халық арасында қарапайым сөздер қолданылып, жауһарлары ұмыт қалып жатыр. Асыл сөздер қолданыстан шеттеп бара жатқанын ескеріп, педагог‐ұстаздың тәрбиелік ойларын халық жадында қайта жаңғыртқымыз келді, – деді театр басшысы.
Шараның соңында көрермендер арасында тіл туралы мақал‐мәтел айтудан сайыс өтті. Қазақтың ұлттық бренді құрттан ауыз тиген көрерменнің көңілі серпіліп, рухани байып қайтты.