Абай ауданы аумағындағы Қызылжар шағын ауданында Ардагерлер кеңесі ғимараты ашылды. Жаңа нысанның салтанатты ашылу рәсіміне Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев, зиялы қауым өкілдері және шағын аудан тұрғындары қатысты.
Шағынауданда жалпы 2 мыңға жуық ардагер бар. Қала әкімінің орынбасары халықпен кездесуде тұрғындар осындай ғимарат қажет екенін айтқанын, көпшіліктің өтініші дер кезінде шешімін тапқанын атап өтті. Ендігі кезекте осында тағылымды жиындар өткізіліп, қазыналы ардагерлер жас ұрпаққа үлгі бола берулеріне тілектестігін жеткізді. Үлкендердің тәлім-тәрбиесін көрген, үлгі алған балалар да отанын сүйетін азамат боп қалыптасары анық.
Айта кетерлігі, жаңа ғимарат демеушілердің есебінен тұрғызылған. AMANAT партиясының Шымкент қалалық филиалы да жақсы істің бітуіне атсалысты. Соңғы кездері шаһарда ардагерлерге қамқор болу, ардагерлер аллеясын ашу сынды тағылымды іс-шаралар қолға алынуда.
Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы К.Төлебаев та құттықтау сөз сөйлеп, жаңа ғимарат маңынан Ардагерлер аллеясын ашуды ұсынды. Ауласын абаттандыру, тал егу сынды ұсынысты көпшілік бірауыздан қолдады.
Жиын соңында көпшілік жаңа нысанды аралап, тыныс-тіршілігімен танысты.
«Шымкент келбеті»