Душанбеде (Тәжікстан) өткен дзюдодан жастар арасында әлем чемпионатының қола жүлдегері Талғат Орынбасар туған жерге оралды. Шымкент әуежайынан жас дарынды спортшының ата-анасы, спорт мектебі басшылары, жанкүйерлері зор қошеметпен күтіп алды.
Іс-шарада қалалық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Маратбек Мықтыбеков жерлесімізді жеңісімен құттықтап, алдағы бәсекелерде сәттілік тіледі.
– Шымкент қаласында дзюдо күресінен дарынды жастар өсіп келеді. Соның бірі – Талғат Орынбасар. Дзюдо спорты соңғы кезде елімізде қарқынды дамуда. Париж Олимпиадасында Елдос Сметов жеңімпаз атанғанын білесіздер. Енді Елдостың салмағында әлемдік сайыста Талғат Құралбайұлы көзге түсіп отыр. Біз жерлесімізден зор үміт күтеміз. Осындай чемпионды тәрбиелеген ата-анасына, бапкерлеріне алғыс айтамын,– деді М.Мықтыбеков.
Талғат Орынбасар әлем чемпионатында 60 келіде белдесіп, үшінші орыннан көрінді. Жерлесіміз әлем чемпионатының ширек финалына дейін жеткен болатын. Қола жүлде үшін белдесуде Әзербайжаннан келген Низами Имрановтан айласын асырды. Сонымен, жасөспірім және жастар арасында әлемдік сайыста үшінші рет жүлдегер атанып отыр. Болашағынан үміт күттіретін балуан.
Жүлдегер спортшы қолдау көрсеткен баршаға рақметін айтып, келесі жарыстарға дайындыққа кірісетінін жеткізді.
«Шымкент келбеті»