Шымкент қалалық опера және балет театрының сахнасында қазақ мәдениеті үшін тарихи оқиға болды. Француз композиторы Шарль Гуноның әлемдік жауһарлар қатарына кіретін «Ромео мен Джульетта» операсы Қазақстанда тұңғыш рет қойылып, ұлттық сахна өнерінің жаңа белесіне жол ашты. Ғасырлар бойы махаббаттың мәңгілік күшін, жүректің тылсым тереңдігін жырлайтын бұл шығарма әлемдік өнер кеңістігінде бағасын әлдеқашан алған. Енді сол музыкалық ғажайып шымкенттік көрерменнің жүрегіне жол тартып, қаланың руханият әлеміне сиқырлы тыныс әкелді.
Қойылым төрт күн қатарынан театр сахнасында жоғары деңгейде орындалып, театр ұжымы мен шығармашылық топ осы мәңгілік туындыны шынайы әрі эмоционалдық кеңістігі бай күйінде жеткізуге үлкен дайындық жасапты.
Опера премьерасының алдында өткен брифингте Шымкент қалалық опера және балет театрының директоры, Қазақстанның халық әртісі Майра Мұхамедқызы, қоюшы режиссер, әлемдік сахнада танылған тұлға Яннис Коккос, режиссер ассистенті Стефан Гроглер, қоюшы балетмейстер Натали Ван Парис және костюм дизайнері Сабира Даулеталиева көрермендер мен журналистерге дайындық барысы мен шығармашылық шешімдер туралы кеңінен әңгімеледі. Әлемдік опера өнерінің нәзік құрылымы, сахналық тілдің символикалық сипаты, кейіпкерлердің ішкі сезімдік өрнектері мен музыкадағы драматургиялық тіндер жайлы терең әңгіме айтылып, әр суреткер өз көзқарасын, өз жауапкершілігін, өз шығармашылық миссиясын бөлісті.
Жадыра МҮСІЛІМ, «Шымкент келбеті»