Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында «Қазақ қоғамындағы әйел мәртебесі» атты мазмұнды кездесу өтті. Басқосуда еліміздегі гендерлік саясат, әйелдердің құқықтары мен қоғамдағы рөлі, сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері кеңінен талқыланды.
Іс-шараның мақсаты - қазіргі қоғамдағы әйелдің орнын айқындау, олардың әлеуметтік, экономикалық, саяси өмірге белсенді араласуын қолдау, гендерлік теңдікке қатысты ой-пікірлерді ортаға салу және зорлық-зомбылыққа жол бермейтін мәдениетті қалыптастыру.
Кездесу барысында Қазақстандағы гендерлік теңдік саласындағы өзгерістер мен мәселелер кеңінен сөз болды. Соңғы жылдары елімізде әйелдердің бизнес, ғылым, медицина, басқару салаларында белсенділігі артып келеді. Әйелдердің қоғамдық өмірге қосқан үлесі артып, шешім қабылдау деңгейіндегі қатысуы көбейіп келеді. Сондай-ақ, жақында қабылданған тұрмыстық зорлық-зомбылықты қылмыс ретінде танитын заң гендерлік саясаттағы маңызды қадам ретінде бағаланды. Бұл отбасы қауіпсіздігін күшейтуге және зорлық-зомбылық фактілерінің алдын алуға бағытталған шешуші реформа десек қателеспейміз.
Кездесуде сөз алған «Қазақстан Республикасының республикалық әйелдер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің филиалы, «Шымкент қалалық әйелдер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Баян Жандосова әйелдерге қатысты стереотиптердің біртіндеп жойылып жатқанын, алайда бұл бағытта әлі де жүйелі жұмыстың қажет екенін атап өтті.
- Бүгінгі қазақ әйелдері білімді, талапты, белсенді. Олар тек отбасының ғана емес, бүтін бір қоғамның берекесін сақтап отырған күш. Әйелді қолдау - қоғамды қолдау. Біз қыздарымыздың қауіпсіз ортада өмір сүріп, өз мүмкіндігін толық іске асыруына жағдай жасауымыз керек. Тұрмыстық зорлық-зомбылықты болдырмау әрбіріміздің міндетіміз, -деді ол.
Баян Айтбекқызы әйелдердің көшбасшылық қабілетін дамыту, олардың пікірін қоғамдық шешімдер қабылдау деңгейінде ескеру қажеттігін де баса айтты.
Сонымен қатар, Шымкент қаласы Полиция департаментінің Тұран аудандық бөлімі инспекторы Наргиза Қиюбек тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша статистика мен нақты мысалдар келтіріп, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттырудың маңызын түсіндірді. Кездесуге жастар көп келгендіктен, отбасындағы тәлім-тәрбиенің де маңызы зор екенін айтты. Ол әрбір әйел өзінің құқығын білуге, қажет кезде көмекке жүгінуден қорықпауға шақырды.
- Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың негізгі себептері көбіне әлеуметтік жағдайға келіп тіреледі. Жұмыссыздық, материалдық тапшылық, маскүнемдік, психологиялық тұрақсыздық жанжал мен зорлыққа алып келетін басты факторлар. Сондықтан отбасын қолдауға бағытталған мемлекеттік гранттар, жұмыспен қамту бағдарламалары, дағдарыс орталықтарының жұмысы өте маңызды. Әрбір адам өз мәселесін жалғыз шешпеуі керек, қоғамда көмек көрсету тетіктері бар, тек соны пайдаланудан қорықпау қажет, - деді Наргиза Жәдетқызы.
Дегенмен, қатысушылар соңғы жылдары елімізде оң серпіліс байқалғанын атап өтті. Қоғамда әйелдердің белсенділігі артып, жастардың теңдік мәселелеріне көзқарасы өзгеріп келеді. Кездесуде қазіргі қазақ қоғамындағы әйел мәртебесін жаңа қырынан ашқан мазмұнды әңгіме болды. Гендерлік теңдік, тек әйелдер үшін емес, бүкіл қоғамның дамуы үшін маңызды құндылық екені тағы да айтылды. Теңдікке жету - бір күннің немесе бір заңның жұмысы емес. Бұл - қоғамның сауаттылығы мен мәдениетінен, әрбір адамның көзқарасынан басталатын күрделі жұмыс. Бүгінгі бастама жастардың саналы көзқарасын қалыптастырып, қоғамдағы әйел рөліне деген құрмет пен түсінікті күшейтуге зор үлес қосты.
«Шымкент келбеті»