ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАР ТОЛЫҚТАЙ ЖЫЛУМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТІЛДІ

ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАР ТОЛЫҚТАЙ ЖЫЛУМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТІЛДІ

Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек кезекті баспасөз брифингін өткізіп, қаланы жылумен қамту, көгалдандыру, газдандыру, әлеуметтік салаларда атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Қала әкімдігінің мәліметінше, шаһарда қараша айының 1-нен жылу маусымы басталып, әлеуметтік нысандарды, көпқабатты үйлерді жылуға қосу жұмыстары атқарылуда.

Қала әкімінің орынбасары бүкіл әлеуметтік нысандарға толықтай жылу берілгенін атап өтті. Жалпы, 476 мекеменің 475-і жылумен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, 2 154 көпқабатты тұрғын үйдің 2 093-іне жылу толық берілді. Бүгінгі жағдай бойынша тұрғын үйлер мен өзге де нысандарды жылу жүйесіне қосу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. 6 қарашаға дейін қаланың барлық көпқабатты тұрғын үйлері мен бюджеттік және әлеуметтік нысандарын жылумен қамтамасыз ету толық аяқталады деп жоспарлануда.

Қаладағы инженерлік-инфрақұрылым жүйелері қалыпты жұмыс істеп тұр. Ендігі ретте тұрғындардың өздері үй ішіндегі жылу желілерін, сорғыларды тексеріп, жылу маусымына дайындауы қажет. Сорғы дұрыс жұмыс істемейтін болса, жылу да төмен болуы мүмкін. Сол себепті де қала әкімінің орынбасары пәтер иелері кооперативін құрып, тұрғындар өздері ұжымдасып, мәселелерін шешуі керектігін айтты.

Сондай-ақ, білім саласындағы 269 мемлекеттік мекеменің 249-на сапалы жылу берілді, 20 мекеме (16 мекемеде мұздай су айналымда, 4 мекеменің жылу құбырлары жөнделуде) жылыту маусымына қосылуда. Кейбір мектептер, балабақшаларда жылу жүйелерінен ақау шығып, оны қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізілген. Ал, 100 денсаулық сақтау нысанының 69-ы автономды жылыту көзімен және 31-і орталықтандырылған жылу беру көзімен қамтылып отыр. 2025 жылғы 4 қарашада барлық денсаулық сақтау нысандары жылуға қосылды.

Сәрсен Абайұлының мәліметінше, 2025 жылы Шымкент қаласы аумағында көгалдандыру жұмыстары аясында барлығы 152 000 түп ағаш көшеттері егіледі. Көшеттердің басым бөлігі жай жапырақты ағаш түрлерінен тұрады. Отырғызу жұмыстары көктемгі және күзгі маусымдарда кезең-кезеңімен іске асырылады. Бүгінде күзгі ағаш егу жұмыстары жүріп жатыр.

Қала аумағында салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің аумақтарына 35 658 түп ағаш егілмек. Бүгінде «ЭкоПарк» саябағына да ағаш отырғызу басталған. Бұрынғы қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны аумағында салынып жатқан «ЭкоПарк» саябағына жалпы 6 800 түп ағаш отырғызылады. «Жасыл белдеу» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің теңгеріміндегі аумақтарды көгалдандыруға 40 000, «Шымсити», «Асар» және «Астана» шағынаудандарын көгалдандыру барысында 10 000 түп ағаш егіледі.

Сәрсен Абайұлының айтуынша, қазіргі таңда Алтынтөбе (2-кезек) тұрғын алабын мемлекет тарапынан сапалы табиғи газбен қамтамасыз ету жобасы қарқынды жүргізілуде. Бүгінде құрылыс-монтаждау жұмыстары әкімдік тарапынан бекітілген кестеге сәйкес атқарылуда. Жауапты мамандар газ құбырларын тартып, қосылу нүктелерін орнатып келеді. Бұл жоба қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға, тұрмыстық қолайлы жағдай жасауға және экологиялық таза отын түрін пайдалануға мүмкіндік беруге бағытталған. Жоба іске қосылған соң 124 үй (мыңға жуық тұрғын) сапалы табиғи газбен қамтылады.

Баспасөз мәжілісінде БАҚ өкілдері әлеуметтік сала, инфрақұрылыммен қамту, қоқыс қалдықтарын шығару мәселелері бойынша сұрақтар қойды. Қала әкімдігінің ресми өкілі және тиісті басқарма қызметкерлері сауалдарға толыққанды жауап берді.

«Шымкент келбеті»