Шымкент қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында ұлттық киім мәдениетін дәріптеуге арналған «Ұлттық киім – ұрпаққа мұра» фестивалі өтті. Шараның мақсаты – ұлттық киімді заманауи форматта жаңғырту, талантты жастарды қолдау және ұлт мұрасын жас буынға кеңінен насихаттау болды.
Фестивальге мектеп оқушылары, колледж студенттері, мәдениет және өнер қызметкерлері, дизайнерлер, қолөнершілер, этномәдени бірлестіктердің өкілдері және қала тұрғындары қатысты. Қатысушылар сахна арқылы қазақ халқының дәстүрлі киім үлгілерін, өңірлік ерекшеліктерін, ою-өрнек пен қолөнердің бай мұрасын заманауи сән үрдістерімен үйлестіре көрсетті.
Фестиваль жеңімпаздарын анықтаған қазылар алқасының құрамына халықаралық дәрежедегі дизайнер, ҚР және Еуразия Дизайнерлер одағының мүшесі, Шымкент қаласы Креативті индустрия ассоциациясының мүшесі Марат Ерімбетов төрағалық етті. Сонымен қатар, қазылар алқасында Мәдениет саласының үздігі, ұлттық киім дизайнері Эльмираш Шермұханбетова және «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Наталья Романова болды. Қатысушылардың жұмыстары жоғары деңгейде орындалып, ұлттық стильді заманауи бағытпен үйлестіруге ерекше мән берілген.
Іс-шараға Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Айгүл Әмзеева да қатысып, ұлттық киімнің ұлт мәдениетіндегі рөліне тоқталды.
– «Ұлттық киім – халқымыздың тарихы мен руханиятының айнасы. Бұл фестивальдің мақсаты – ұлттық құндылықтарды жаңа қырынан танытып, өскелең ұрпақтың бойына мақтаныш сезімін сіңіру. Жас дизайнерлер мен қолөнершілердің жұмыстары ұлттық өнердің жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетті. Біз мұндай бастамаларды әрдайым қолдаймыз», – деді Айгүл Әмзеева.
Шара концерттік бағдарламамен жалғасты. Фестиваль қорытындысы бойынша үздік деп танылған қатысушыларға бағалы сыйлықтар табысталды. Бұл марапаттар жас дизайнерлер мен шеберлердің шығармашылық әлеуетін дамытуға, ұлттық өнерге деген қызығушылығын арттыруға үлес қосары анық.
“Шымкент келбеті”