Бүгінде елімізде құмар ойындарынан келетін қауіп қатерге айналып отыр. Заман талабына сай боламыз деп кей-кейде ойдың ұшқырына батып желі ойындарының құрбаны болып бара жатқандаймыз. Мұндай ойын түрлері күннен күнге түрленіп сансыз сатқан адам мен қоғамға үлкен зардабын тигізіп отырғаны айдан анық. Жасыратыны жоқ, құмар ойын адам баласын өз-өзіне қол жұмсау, бір-бірін өлтіру, ажырасу, ұрлық-қарлық, зорлық-зомбылық, қарызға бату сияқты халге де жеткізуде. Бұдан да сорақысы құмар ойынға еліктеушілердің арасында өз әйелін, үйін, отбасын, көлігін, дүние мүліктерін және басқа да қажеттіліктерін бәске тігушілерде көптеп кездеседі. Осының салдарын қаншама жанұяның шаңырағы шайқалып бейкүнә балалар жапа шегуде. Лудомания, немесе ойын құмарлық, гэмблинг – «субъекттің өмірінде басым рөл ойнайтын, әлеуметтік, кәсіби, материалдық және отбасылық құндылықтардың төмендеуіне әкелетін патологиялық ойын құмарлық. Аурулардың халықаралық классификациясы бойынша лудомания аурулар тізіміне енгізілді. АҚШ-тың құмар ойындар проблемаларымен күрес жөніндегі қауымдастықтың зерттеуіне сүйенсек, әлемдегі кез келген қала тұрғынының аяқ астынан қылмыскерге айналуы 6% болса, маскүнемге айналуы – 34%, нашақорлыққа салынуы 32%-ды көрсетсе, ойынқұмар болуы 48%-ға жетеді екен. Демек адам құмар ойынға әп-сәтте тәуелді болып қалуы мүмкін, оның еліктіру күші есірткіден де асып түсіп тұр. Көптеген дамыған мемлекеттерде лудоманияны емдеуге арналған емдеу орталықтары бар.
Мамандардың айтуынша, құмар ойынға құныққандардың бастапқы мақсаты басқа болады. Олар алдымен көңіл көтеру үшін немесе сауық құру мақсатында ойнайды. Кейін бұл мақсаты бұрмаланып, құныға ойнау сипатына ауысады екен. Уақыт өте келе, ойынға жіпсіз байланып, бас тарта алмайтын жағдайға душар болады. Құмар ойындарға тәуелділіктің алдын алу - жастармен жұмыстың маңызды бағыты. Алдын алу шаралары тұлғаның дамуы үшін қолайлы жағдайлар жасауға, ойынға тәуелділіктің қауіптілігі туралы ақпараттандыруға және моральдық және психикалық денсаулықты нығайтуға бағытталған іс-шараларды өткізуге бағытталған. Осылайша, ойынға тәуелділік қоғам мен мемлекеттің назарын талап ететін күрделі әлеуметтік мәселе болып табылады. Бұл құбылыстың алдын алу жастармен жұмыс істеу және олардың психологиялық денсаулығын сақтаудағы басым бағыттардың біріне айналуы тиіс. Аталған дертке ұшыраған адамның бойында әлеуметтік, кәсіби, материалдық және отбасылық құндылықтар құлдырап, адамгершілік қасиеттері жойыла бастайды. Бұл мәселе біздің елде де өткір екені белгілі. Қазір Қазақстанда шамамен 350 мың адам құмар ойынна тәуелді болғаны айтылуда.
2024 жылдың 8 шілдесінде Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңына бірқатар түзетулер енгізіліп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа шектеу пайда болды. Атап айтқанда, аталған Заңның 12-бабының 1-тармағы «Ойын мекемелерінде құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысу, сол сияқты құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге сол үшін бөлінбеген орындарға қатысу немесе телекоммуникация желілерін, оның ішінде Интернет желісін пайдалану арқылы өткізілетін құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысу бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер қабылдайды» деген мазмұндағы 6) тармақшамен толықтырылды.
Осылайша заңнаманың талаптары бүгінгі таңда барынша күшейді. Бұл ретте, құмар ойын мекемелеріне бару тәртіптік жауаптылықты көздейтін болса, құмар ойынына қатысу қызметтен босатуға алып келетінін ерекше атап өту қажет.
Құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуға қатысты сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеудің енгізілуі осы бағыттағы бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған қосымша іс-шаралар қажеттілігі туындап, қалалық жергілікті атқарушы органдарына түсіндіру жұмыстары ұдайы өткізілуде.
Шымкент қаласы әкімі аппаратының
Әдеп жөніндегі уәкілі М.Акишев