Мәдениет саласына жүктелген жауапкершілік көп

Мәдениет саласына жүктелген жауапкершілік көп

Шымкент қаласында Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіру және талқылауға арналған мәдениет саласының қызметкерлерімен арнайы кездесу өтті. Кездесуге мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Мөлдір Оңдасынова және Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Шымкент қалалық филиалының саяси ғылымдар кандидаты Сәуле Рысбаева қатысты.

Басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, Жолдауды халыққа түсіндіру және талқылау әр сала үшін маңызды әрі ортақ міндет. «Президент Жолдауында халықпен тиімді қарым-қатынас жасап, түсіндіру жұмыстарына баса мән беру керектігі айтылды. Мәдениет саласында да осы бағытта жүйелі жұмыс атқарылып жатыр. Бірқатар жоба жүзеге асырылып, нақты бағыттар айқындалды», деді ол.

Ал Сәуле Рысбаеваның пікірінше, биылғы Жолдау елдің әлеуметтік-экономикалық бағытын ғана емес, ұлттық рухани жаңғырудың мазмұнын айқындап берді.

«Жолдау тек ресми құжат емес. Бұл әрбір азамат, әрбір ұжым үшін нақты іс-қимыл бағдарламасы. Мұның мәні барлық сала қызметкерлеріне, әсіресе мәдениет өкілдеріне үлкен жауапкершілік жүктейді. Себебі ұлттық сана, тіл, тарих, дәстүр – мемлекеттің рухани тірегі», деді ол.

Кездесу барысында мәдениет саласының қоғамдағы орны, халықпен байланыс орнату, ұлттық құндылықтарды насихаттау бағытындағы міндеттер кеңінен талқыланды. Академия өкілі Жолдауда көрсетілген тапсырмаларды жүзеге асыру үшін мәдениет қызметкерлерінің тек тыңдаушы емес, түсіндіруші әрі орындаушы болуы қажет екенін ерекше атап өтті.

«Бүгінгі басты сұрақ «Біз не істеп жүрміз?» емес, «Елдің дамуына қандай үлес қоса аламыз?» болуға тиіс. Жолдауды орындау тек биліктің емес, баршамыздың ортақ борышымыз», деді Сәуле Рысбаева.

Спикердің айтуынша, ұлттық құндылықтарды сақтау, жас ұрпақты тәрбиелеу, мәдени орта қалыптастыру елдің болашағы үшін маңызды миссия болып қала береді. Осы орайда тек жоспарлар жиынтығы емес, ұрпақ алдындағы аманат екені атап өтілді.

Кездесу соңында қатысушылар мәдениет саласының қызметкерлері елдің жаңару жолында белсенділік танытып, халықпен тығыз байланыс орнатып, заманауи әрі тиімді мәдени жобаларды жүзеге асыруға үлес қосуға тиіс деген ортақ пікірге келіп тарқасты.

Жадыра МҮСІЛІМ, «Шымкент келбеті»