Мегаполисте биыл 16 мектеп пайдалануға беріледі

Мегаполисте биыл 16 мектеп пайдалануға беріледі

Шымкент қаласында биыл 25 мың бала жан басына қаржалындыру жобасы шеңберінде қосымша біліммен қамтылады. Бұл туралы білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева @akimat_shymkent инстаграм парақшасындағы тікелей эфирде мәлімдеді.

Үйірмемен қамтылатын 14 мың оқушы спорт, 6 мың бала мәдениет пен өнер, 5 мыңға жуық оқушы білім басқармасы тарапынан қосымша білімге бағытталады.

Одан бөлек, 11 қосымша білім беру ұйымдары мен 17 аула клубы және мектепішілік түрлі үйірмелерде оқушылардың 73,4% (181 253 оқушы) қосымша біліммен қамтылған.

Басқарма басшысы өткен жылғы білім инфрақұрылымын дамытудағы жұмыстарды баяндап, биылғы жоспарларымен бөлісті. 2021 жылы 25 мектеп қолданысқа беріліп, қаладағы мектеп саны 203-ке жетті (152 мемлекеттік мектеп). Биыл тағы 16 жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Нәтижесінде, үш ауысымды мектеп саны 9-дан 5-ке төмендейді.

2021 жылы 1 мектеп, 2 балабақша мен 1 колледж күрделі жөндеуден өткен. Биыл 5 білім мекемесіне күрделі жөндеу жұмысы жасалады. Олар: №11, 50, 107 мектеп пен № 3 балалар үйі және қосалқы мектеп-интернаты.

Былтыр 28 мектептің ауласына типтік үлгідегі спорт алаңшалары орнатылып, биыл №33, 53, 135 және №136 мектепке спорт алаңын орнату жоспарлануда.

Қаладағы білім беру ұйымдарына бейнебақылау жүйелері 100% қамтылған, барлық мектеп кіреберістеріне турникет қойылды. Сонымен қатар, мектептерге толығымен дабыл батырмалары орнатылып, Полиция Департаментінің Жедел басқару орталығына қосылған.

Эфир барысында Ж.Тәжиеваға тұрғындардан 70-ке жуық сұрақ келіп түсті. Сұрақтардың басым бөлігі оқушылдардың тамақтануы, бала-бақша төлемдері және қосымша үйірмелер төңірегінде болды. Басқарма басшысы барлық сұрақтарға жекелей жауап берді.