Мегаполисте тұңғыш рет ресторандар жәрмеңкесі өтті

Мегаполисте тұңғыш рет ресторандар жәрмеңкесі өтті

Шымкент қаласының Әл-Фараби алаңында туризм және сыртқы байланыстар басқармасының ұйымдастыруымен «Наурыз – Шымқалада» мерекелік бағдарламасы аясында тұңғыш рет «ДәмДәсTour» атты ресторандар жәрмеңкесі өтуде.

Жәрмеңкені тамашалауға көппен бірге қала әкімі Мұрат Әйтенов те келді. Шаһар басшысы алаңға жайғасқан қаламыздағы танымал дәмханалар әзірлеген ас мәзірлерін тамашалап, өз бағасын берді.

— Бұл шараның «Ұлыстың Ұлы күні - Наурыз» мерекесі қарсаңында, «Ұлттық тағамдар күнінде» өтуі – заңдылық. Шымкент қаласы әртүрлі тағамдарды дәмді дайындауымен танымал. Бұл ретте, біздің жәрмеңкені өткізудегі басты мақсатымыз – сүйікті шаһарымызды, шырайлы Шымкентімізді еліміздің гастрономиялық туризм орталығы ретінде брендін қалыптастыру. Қала тұрғындары мен қонақтары шаһарымыздың қонақжайлылығын сезініп, мерекеден керемет сезім алар деген сенімдемін. Барша қала тұрғындарын Наурыз мерекесімен құттықтаймын. Аспанымыз ашық, елімізде тек тыныштық пен береке-бірлік болсын. Жәрмеңкеге қатысып жатқан жергілікті тамақтану орындарының ұжымына алғыс айтамын», - деді Мұрат Дүйсенбекұлы.


Жалпы, мерекелік іс-шараға «Wok-Wok»,«BarVilka»,«Бахчи-Сарай», «Кәусар», «Kөk-Saray», «TheПАПА», «Ладушки»,«19.06», «Мадлен», «The secret», «Happy cake», «Афрасиаб», «Кофе молка», «Блинчик» сынды 50-ге жуық ресторан мен дәмханалар қатысты.

Сонымен бірге «Ең үздік шымкенттік палау», «Ең үздік шымкенттік наурыз көже», «Ең үздік шымкенттік кондитерлік өнім», «Ең үздік шымкенттік фаст-фуд», «Ең үздік шымкенттік кәуап» және «Ең үздік шымкенттік самса» номинациялары бойынша өзара бақ сынасты.

Жеңімпаздарға қаржылай сый-сияпаттар көрсетілді. Сондай-ақ жәрмеңке барысында концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, танымал әнші Argonya мен «Metis’s» тобы және қаламыздың өнерпаздары сахна төрінде би билеп, әннен шашу шашты. Бұдан бөлек, мерекелік концертте түрлі конкурстар мен ойындар ұйымдастырылды.

Айта кетейік, ресторандар жәрмеңкесі іс-шарасы екі күнге дейін жалғасады. Сонымен бірге жәрмеңке барысында қала тұрғындары мен қонақтарына шаһардың 2200 жылдық тарихына орай 2200 шыны «Шымкент шайы» тегін таратылды. Осылайша бұл іс-шара Қазақстан Рекордтар кітабына гастрорекорд бойынша ұсынылмақ .

«Ahmad tea» өндірушілерінің қолдауымен дайындалған "Шымкент шайына" келушілер жоғары бағасын берді.