Бүгін Шымкент қалалық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана жаңғыртудан өтіп, пайдалануға берілді. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай оқырмандар игілігіне тапсырылған нысанның ашылу салтанатына қала әкімі Мұрат Әйтенов, қалалық мәслихаттың хатшысы Бахадыр Нарымбетов қатысты.
Шаһар басшысы республикадағы үшінші мегаполистің заманға лайықты кітапханасы болуы керектігін, алдағы уақытта қаланың аудандарынан зағиптарға арналған кітапханалар жүйесін ашу мәселесін қарап көретіндерін, ал әзірге жаңғыртудан өткен кітапхана қоры арнайы оқулықтармен байытылып, басқа кітапханаларға таратылатынын жеткізді.
Бұл Шымкентте жаңғырту бағдарламасымен екінші тынысы қайта ашылған оныншы кітапхана. Бахадыр Нарымбетов кітапхананың жаңғыртылуы «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасында көрсетілген тең қоғам құру жоспарына сәйкес іске асырылғанын атап өтті.
Республикада көз жанарынан айрылған жандарға арналған 17 кітапхана болса, соның ішінде құрылыстың соңғы үлгісінде жаңғыртылған жалғыз кітапхана Шымкенттегі жаңадан жөндеу көрген зағиптардың кітап ордасы. Кітапхананың ашылу салтанатына қатысқан Жамбыл, Қызылорда облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана өкілдері шымкенттік әріптестеріне зағиптар оқитын нұсқадағы әдеби кітаптарды сыйға тартты. Зағиптар қоғамына қарасты Шымкент қалалық оқу-өндірістік кәсіпорнының директоры Марат Пірімжанов ескі кітапхананы осынау заманауи үлгіде жаңғыртуға қол ұшын созған жергілікті әкімдікке ерекше алғысын білдірді.
Кітапхана бүгінгі таңда 7036 азаматқа қызмет көрсетеді. Жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде «Дыбысты кітаптар шығару» және бедерлі-нүктелі «Брайль кітаптарын басып шығару» бөлімдері толық жаңаланды. Сондай-ақ қосымша білім алып, ойнап тынығуына арналған «Baby Books» залы, тынығуға арналған демалыс бұрыштары, музыка тыңдауға, сонымен қатар жаз мезгілде жанға жайлы кітапхананың ауласында орналасқан «сахна», жазғы кітап сөрелері, ересектер мен балаларға арналған әткеншектер, заманауи капсулалар және «балалар алаңшасы» іске қосылды. Және де заманауи интерьердің саясында отырып, кітап оқуға арналған креативті оқу бұрыштары, алуан бағыттағы көлемді, топтық, көпшілік іс-шараларды өткізетін, қажетті техникамен жабдықталған конференц залы, электронды форматқа өткен каталогтар, жастардың оқып-білім алуына, әлеуметтік желілердің көмегі арқылы жайлы орындарға жайғасып, келушілердің уақтылы тамақтануына арналған кофе-бар да қарастырылған.
Ендігі ретте кітапханада азаматтардың ғылыми жұмыспен айналысуына, өзара дебат, пікірталастар ұйымдастыруға, сондай-ақ кездесулер, ток-шоулар, библио-кафе, библио-аукцион, бенефистер, практикумдар және блиц-сұраулар өткізуге толық мүмкіндік бар.