Шымкентте оқушылар мен студенттердің қысқы демалысы ұзартылды. Ал балабақшалар штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар 10 қаңтар мен 10 ақпан аралығында өткізілуге жоспарланған Ұлттық бірыңғай тестілеуге де өзгерістер енгізілді. Бұл туралы Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева мәлімдеді.
Жанат Арысбекқызы ҚР Білім және Ғылым министрлігінің тікелей бұйрығымен мектептерде қысқы демалыс 17 қаңтарға дейін, ал колледждер мен ЖОО студенттерінің демалысы 24 қаңтарға дейін ұзартылғанын жеткізді. Елімізде төтенше жағдай режимінің енгізілуіне байланысты 2022 жылғы 10 қаңтар мен 10 ақпанға жоспарланған ұлттық бірыңғай тестілеу 25 қаңтар мен 22 ақпан аралығында өткізілетін болады.
Бұл ретте, 11 қаңтар мен 24 қаңтар аралығындағы жоспарланған ҰБТ келесі күндерге:
- 11 қаңтарда өткізілетін ҰБТ – 29 қаңтарға;
- 12 қаңтардағы ҰБТ – 5 ақпанға;
- 13 қаңтардағы ҰБТ – 11 ақпанға;
- 14 қаңтардағы ҰБТ – 12 ақпанға;
- 15 қаңтардағы ҰБТ – 21 ақпанға;
- 17 қаңтардағы ҰБТ – 14 ақпанға;
- 18 қаңтардағы ҰБТ – 15 ақпанға;
- 19 қаңтардағы ҰБТ – 16 ақпанға;
- 20 қаңтардағы ҰБТ – 17 ақпанға;
- 21 қаңтардағы ҰБТ – 18 ақпанға;
- 24 қаңтардағы ҰБТ – 19 ақпанға шегерілетін болады. Ал, басқа мерзімге жоспарланған ҰБТ өз уақытымен өтетін болады. Сонымен қатар, ҰБТ-ға өтініштерді қабылдау мерзімі 2022 жылғы 21 қаңтарға дейін ұзартылды.
– Білім алушылар мен мектеп оқушыларына ҰБТ мерзімінің уақыты өзгергені туралы хабарлаймыз. Қаламыздағы жағдайларға байланысты ата-аналарға балаларының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде үйден шығармай және үнемі олардың ересек адамдардың жанында болуын қадағалауларыңызды сұранамыз, - деді Ж.Тәжиева.