Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың тапсырмасымен ақпан айында жаңадан салынған және жөндеуден өткен жолдардың сапасын тексеру мақсатында арнайы комиссия құрылған болатын. Оның құрамына тәуелсіз сарапшы ретінде «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының» мамандары кірді.
Комиссия құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізілген 310 шақырым жолды тексере келіп, тек 240 метрінде ақау бар екенін анықтаған. Басқа жолдарда жұмыс талапқа сай орындалған. Сондай-ақ, жөндеуден өткен 980 ұңғыманың 21-нің жұмысы сапасыз болғандықтан, мамандар оларды қабылдап алудан бас тартты.
Мамандардың айтуынша, жолдың астынан инженерлік-инфрақұрылым желілері жүрген тұстарының топырағы отырып кетіп, бетіндегі асфальт жабындысы ойылып түскен. Осыған байланысты қала әкімі Мұрат Әйтенов құрылыс-жөндеу жұмыстарын жүргізген 8 мердігер компанияға кемшіліктерді 15 мамырға дейін жою туралы талап қойды. Одан кейін кешіктірілген әр күн үшін мердігерге айыппұл салынады.
Ал бұл жұмыстарды компаниялар өз есебінен жүргізеді.
Бүгінде мердігерлер жолдағы ақауларды жою жұмыстарына қызу кірісіп кетті. Атап айтқанда, «АлемТрансЖол», «АқсемсерСтройСервис», «ДостықСпецТранс» компаниялары Тәуке хан даңғылы мен Дулати, Қазыбек би, Сайрам, Жібек жолы, Ю.Гагарин секілді магистралды көшелеріндегі ой-шұқырларды жамап жатыр. Салаға жауапты басқарма өкілдері ішкі орам көшелерінде де ақаулардың жойылып жатқанын жеткізді.
Айта кетерлігі, бұл жұмыстарды қала әкімі Мұрат Әйтенов жіті бақылауына алған.