Мерзімі өткен жеке куәліктің айыппұлы қанша?

Мерзімі өткен жеке куәліктің айыппұлы қанша?

Жеке куәлігіңіздің жарамдылық мерзімі бітпей-ақ ертерек ауыстырған жөн. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Шымкент қалалық филиалы тұрғындарға осылай деп кеңес береді. 2021 жылы шымкенттік ХҚО-ларда жеке басты куәландыратын 129 мың құжат берілді.

Мемлекеттік корпорация Басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Сүйеніш Әбділдиннің айтуынша, ХҚО-ға құжаттарының мерзімі өтіп кеткен клиенттер жиі жүгінеді. Ал ҚР "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Кодексіне сәйкес, Қазақстан Республикасы азаматтарына тіркеусіз немесе жеке басын куәландыратын құжаттарсыз бір айдан астам жүрген жағдайда 7 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.

"Жеке куәлікті тұрғылықты тіркеу орнына қарамастан кез келген ХҚО-да ауыстыруға болады. Онда тек ескі құжатты көрсетіп, 0,2 АЕК мөлшерінде мемлекеттік баж төлеу қажет. Жаңа құжат 15 жұмыс күні ішінде дайын болады. Қалауыңыз бойынша қосымша ақы төлеп, куәлікті дайындау мерзімін бір күннен бес жұмыс күніне дейін жеделдетуге болады", - деп нақтылап өтті Сүйеніш Әбділдин.

Жеке куәлік қазақстандықтарға 16 жастан бастап беріледі. Алғашқы құжатты алу үшін жасөспірім ата-анасының бірімен ХҚО-ға жүгінуі керек. Өтініш беру үшін туу туралы куәлік, төлқұжат (бар болса) және мемлекеттік баж салығының төленгені туралы түбіртек тапсыру қажет.

Туу туралы куәлікте тегін немесе атын өзгерткен, некеге тұруға/бұзуға байланысты тегін өзгерткендер де бір ай ішінде құжатын жаңартуы тиіс. Айта кетейік, жеке басты куәландыратын құжаттарды рәсімдеу қызметін ХҚО-да отыратын көші-қон полициясының қызметкерлері ұсынады.

Анықтама:

Паспорт мерзімі өткен жағдайда айыппұл қарастырылмаған. Ол шетелге шығу үшін пайдаланылатын құжат. Төлқұжат алу үшін кез келген ХҚО-ға жүгінуге болады. Мемлекеттік баж мөлшері – 8 АЕК.