Министр: Қазақстанда су мөлшері төмендеуі мүмкін

Министр: Қазақстанда су мөлшері төмендеуі мүмкін

Елімізде қазір сумен қамту экономикалық салаларды қанағаттандырып отырғанымен алдағы уақытта су мөлшері төмендеуі мүмкін. Бұл жөнінде ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев мәлімдеді, деп хабарлайды Shymkentaqparat тілшісі

Су ресурстары мәселелеріне тоқталған министр өзендердің ағынының қалыптасуы жөнінде айтып өтті.

Соңғы жылдары өзен ресурстарының нақты көрсеткіштері шамамен 90-100 текше метрді құрап отыр. Оның ішінде 51,8 текше метрі жергілікті ағын болса, 39,2 текше метр Қытай және Орталық Азия елдерімен Ресейден транс шекаралық өзендер арқылы келіп түседі. Сонымен бірге 3,5 мыңнан астам кен орындарында жылына 15,5 текше метр көлемінде жерасты суларының қоры бар. Алайда, олар географиялық тұрғыдан біркелкі емес, - дейді Мырзағалиев

Министрдің сөзінше экологиялық қажеттілікке шамамен 50 текше метр су қажет. Пайдаланылатын судың жалпы көлемі 25 текше метрді құрайды. Оның ішінде 15 куб км ауылшаруашылығына жұмсалса, өнеркәсіпке – 6, коммуналдық шаруашылыққа 1 куб км тиесілі. Ал тасымалдау кезінде 3 куб км су шығындалады.

Қазіргі таңда сумен қамту қанағаттанарлы болғанымен алдағы уақытта су мөлшері төмендеуі ықтимал. Ол кей елдердің суды бөлуіне қатысты болмақ. Оған қоса инфрақұрылымның ескіруіне байланысты су шығыны көбейеді. Мәселен, ауылды жердегі каналдардағы су шығыны 45%-ға дейін жетуі мүмкін. Оны азайту үшін су арналарына жөндеу жұмыстарын жүргізу керек, - деді министр.

Сонымен бірге су балансын 90-100 куб км деңгейде сақтап тұру үшін 2030 жылға қарай қосымша су ресурстарын пайдалану, су ресурстарын цифрландыру арқылы суды үнемдеу міндеті тұрғанын айтты.