ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қаланың денсаулық сақтау саласындағы басты мақсат – қызмет сапасын арттыру екенін айтты.
«Жолдауда Президент медицина саласының инфрақұрылымын жақсартуды тапсырды. Бұл бағытта соңғы 2 жылда медицина мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жаңарту деңгейі 71,5 пайыздан 81 пайызға жететін болады. Одан бөлек, мемлекеттік медициналық ұйымдар 100 пайыз жаңадан компьютерлік техникамен қамтамасыз етілді. Сонымен бірге, жеке инвесторлардың есебінен 5 медицина және ПЭТ/КТ сәулелі терапия орталықтары ашылады. Қазіргі таңда екі емхананың құрылысы, №1-ші ауруханадағы трансплантация орталығын жаңарту жұмыстары жүргізілуде», - деді М.Әйтенов.
Брифинг барысында қала әкімі биылғы жылы 1000 орындық клиниканың құрылысын бастау үшін, жергілікті бюджеттен инженерлік инфрақұрылымын тартуға 835 млн. теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары басталғанын атап өтті.