Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Әл-Фараби ауданы, Қазиев көшесінде орналасқан Орталық су спорты кешенінде болып, жұмысымен танысты, - деп хабарлайды Shymkentaqparat.kz
Спорт кешені 2012 жылы пайдалануға берілген. Мұнда жүзуден оқу-жаттығу жиындары мен спорттық жарыстар өтеді.
Қалада жастар арасында жүзу мен гимнастика кең тарағанын айтқан шаһар басшысы, мұндай спорт кешендерін көптеп салу қажеттігін жеткізді.
Орталық су-спорт кешенінің жалпы ауданы 5555 шаршы метр. Жүзу алаңы, асхана, медициналық кабинет, жаттығу залы, 2 киім ауыстыратын бөлме, 725 көрерменге арналған орын және сегіз жүзу жолағы бар. Бір мезетте 96 спортшыны қабылдау мүмкіндігі қарастырылған.
Қала басшысы су-спорт кешеніне келушілер үшін, әсіресе мектеп оқушылары үшін жеңілдетілген тарифтер қарастырып, санитарлық-гигиеналық талаптардың қатаң сақталуын тапсырды.